Қаражат – үкіметтен, ниет – сізден
Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру туралы қолданыстағы заңнамаға толықтырулар күшіне енді. Бұл шаралар балаларды тегін шығармашылық үйірмелермен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді. Енді мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстардың жеткізушісі ретінде кез-келген жеке кәсіпкер не заңды тұлға болуы мүмкін. Оның меншік формасы маңызды емес. Бастысы, заңмен бекітілген мерзімде сапалы қызмет көрсетілу қажет. Ал қызмет алушы – 4-17 жасқа дейінгі балалар, олардың мүддесін заңды өкілдері қорғайды. Қабылданған ережелер ваучерлік жүйе секілді жұмыс істейді. Оған сәйкес, балалар арасындағы бос орындар, олардың кезегіне сәйкес, меншікті ваучердің берілуі арқылы таңдаған қызмет көрсетушісіне бөлінеді.
Жаңа іске бастамашы болды
Гүлнұр Нұрмағанбетова екі баланың анасы. Мамандығы журналист. Балалардың қосымша үйірмеге баруын кез келген ата-ана қалайды әрі қадағалайды. Бірақ бірде іздегені табылмайды не болмаса үйірмеге төлейтін ақшасы болмай жатады. Гүлнұр біздің қалада дәстүрлі ән айтуға балғындарды баулитын үйірмелердің жоқ екенін байқаған. Сондықтан осы істі қолға алып, айналысып, балаларға дәстүрлі ән айтуды үйрететін үйірме ашсам деп іс бастаған екен.
-Біздің қалада домбыра үйірмелері баршылық. Бірақ домбырамен ән айту, дәстүрлі әнді дәріптеу тіптен жоқ десе де болады. Алдымен аталмыш бағдарлама жайында білдім. Жан-жақты зерттедім. Ойландым. Бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан жақсы мүмкіндік. Кәсіпкерге де, ата-анаға да тиімді. Өзім осы іспен айналысқым келді. Бизнес ретінде емес, біздің өңірде осы бағыт жақсы дамып, дұрыс жолға қойылса екен деген ниетім болды. Балаларымыз жарқырап жүрсе, сахнаға шығып ән айтып жатса қандай жақсы. Осы істі қолға алған соң балаларға сабақ беретін педагогтардың аз екенін байқадым. Оны табу да оңай болмады. Іздестіре келе облыстық филармонияның әншісі Айжан Санаймен хабарластым, мән жайды білген соң ол кісі бірден келісті. Қазір үйірмеге жиырмаға жуық бала келіп жүр. Жалпы жетпіс бала қабылдау жоспарда бар. Балалар электрондық сайт арқылы тіркеледі. Келіп, қарап, танысады. Бастысы бала тегін сабаққа қатысады. Егер бала себепсіз келмейтін болса, жауапсыздық танытса орынды босатады. Оның орнына басқа бала келе алады. Кей ата-аналар балаға домбыра алып бере алмайды. Сол жағын ойлап, біздер өзіміз домбыра алып жатырмыз. Вокалға баса көңіл аударамыз. Жалпы бұл бағдрламаға қатысу қиын, талаптары тым көп деп қолды бір сілтейтіндер бар. Бірақ мақсатыңыз айқын болса еш қиындығы жоқ. Бастысы барлығы оқу бағдарламасына сай болуы керек. Сабақ өтетін жері, жалға алған ғимарат, сабақ беретін педагог барлық талапқа сай болғаны жөн. Балаға керектінің барлығы талапқа дөп келсе еш қиындықсыз қаржыландыру аласыз. Ең бастысы педагог кәсіби білімі бар, нағыз маман болуы керек. Осындай міндетті талаптары бар. Ол дұрыс деп те ойлаймын. Себебі бұл баламен жұмыс, баланың болашағы. Біз өз жұмысымызды енді бастап жатырмыз. Болашағымыз жарқын болатынына сенімдімін. Әзірге екінші сабақ өтті. Әр айдың соңында есеп беріп, үкіметтен қаржыландыру аламыз, – дейді Гүлнұр Нұрмағанбетова.
30 өтінімін мақұлданды
Бүгінгі күні Тобыл өңірінде шығармашылық үйірмелердің 17 түрі бойынша1805 орындық жеткізушілердің 30 өтінімі мақұлданған.
-Бұл бағдарлама бірінші кезекте көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау екені сөзсіз. Ағымдағы жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға облыстық бюджеттен 141,7 млн.теңге бөлінді. Ағымдағы жылғы 18 қазандағы жағдай бойынша artsport.edu.kz веб-порталда оператор (Мәдениет басқармасы) шығармашылық үйірмелердің 17 түрі бойынша1805 орындық Жеткізушілердің 30 өтінімін мақұлдады (бекітілген 59 түрдің). Мақұлданған өтінімдердің басым бөлігі Қостанай қаласына тиесілі – 25, Меңдіқара ауданы – 3, Лисаков қаласы – 2 (өлкетану, киімдерді үлгілеу, пішу және тігу, киіз басу, шығармашылық шеберхана, актерлік өнер, кескіндеме және т.б.). Бүгінгі күні тегін үйірмелерге 909 бала қатысады, оның ішінде Қостанай қаласында – 808, Меңдіқара ауданында – 21, Лисаков қаласында – 80 бала. 18 қазандағы жағдай бойынша облыстың жұмыс істеп тұрған үйірмелерінде 775 орын, оның ішінде Қостанай қаласында – 650, Лисаков қаласында-5, Меңдіқара ауданында – 120 орын бар, – дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Лаура Оспанова.
Халықты ақпараттандыру керек
Қаламыздағы «Жұлдыз» домбыра студиясы осыдан алты жыл бұрын ашылған. Құрылғанына аз жыл болғанына қарамастан жас домбырашылар қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардың, Гран-При жеңімпаздары. Студия жетекшісі Айгүл Темірбекова студиясының жыл сайын кеңейіп жатқанын айтады. Олар бүгінде жүз балаға домбыра үйретуде. Айгүл де осы бағдарламаға қатысып, талаптарын орындап, балаларды тегін үйірмемен қамтып отыр. Енді олар қосымша жетпіс орындық домбыра үйірмесі мен қырық орындық вокал сабағын ашуды жоспарлап отыр.
-Біздің студия бүгінде жақсы дамып келе жатыр. Бастапқы ашылған жылдары ата-аналар баласын домбыра үйірмесіне бергісі келгенімен бала келуге ұялатын. Қазір олай емес. Балалардың ынтасы керемет. Бүгінде біз ұлттық құндылығымызды балаларға ұғындыра алып отырмыз. Бұл қуанышты жағдай. Бұған Елбасының күнтізбеге Домбыра күнін енгізгені, Димаштың әлемдік аренаға домыбарына көтеруі, мектептік пәнге де енуі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қысқасы бәрі-бәрі біздің ұлттық аспабымыз домбыраға деген көзқарасымызды, әсіресе балалардың сүйіспеншілігін арттырды. Сондықтан менің студияма келушілердің саны артып келеді.
Ал енді аталмыш бағдарламаға келер болсақ, айтар ой көп. Шынымды айтсам, басында барлық құжаттарды тапсырдым, бірақ мен өтпей қалдым. Расын айтқанда көңілім қалды да енді қатыспаймын деп шештім. Маған келетін балалар айына он мың теңге төлейтін. Онсыз да ақша төленеді, несіне шапқылап жүрмін деп ойладым. Маған сол кезде талаптар тым көп сияқты көрінді. Сосын екі ай өткен соң қайта ойландым, ата-аналардың жағдайын ойладым, мемлекет тарапынан сондай жақсы қолдауды ата-аналар сезінуі керек деп, құжаттарды дұрыстап қайта жібердім. Ай сайын он мың теңге төлеп тұру әр отбасыға оңай емес, әрине. Бірінің жағдайы бар, бірінде жоқ. Ал бала үйренуі керек. Сонымен тездетіп барлық талаптарды орындап, тапсырып, менің тапсырысым қабылданды. Енді балалар үкімет есебінен тегін қатыса алады. Ата-аналар да риза болып жатыр. Жалпы жақсы бастама. Бірақ мен сияқты кейбір тетіктерін түсінбей, орта жолдан қайтатындар көп. Сондықтан айтарым, бала болашағы үшін жасалып жатқан жақсы бастама әлі де дамып, қолжетімді болады деп ойлаймын. Бұл туралы көпшілік біле бермейді. Жақсылап түсіндіріп, халыққа жеткізуіміз керек. Енді біз қосымша орындар ашу үшін жақсы жер іздеп жатырмыз. Бәрі ойдағыдай болса домбырамен қоса вокалды да дамыта түспекпіз, -дейді Айгүл Темірбекова.
Бұл кісінің айтып отырған сөзінің жаны бар. Расымен де бұл бастама туралы көбісі біле бермейді. Тегін үйірмеге баруға болатынын көп ата-ана естімеген. Тек бірден-бірге тараған ақпараттан ғана құлағдар. Кейбірі тіркелу қиын, тіптен тегін бару мүмкін емес деп те ойлайды. Шындығында оның түк қиындығы жоқ.
Материалдық жағдаймызға үлкен көмек
Айнагүл Мажманова да екі баланың анасы. Осындай мүмкіндік бар екенін естіп, телефон арқылы тіркелген.
-Біздің барып жүрген домбыра үйірмесі жақында ашылды. Бір барғаннан балаларым өлең айттық деп қуанып келді. Осындай үйірмелер көп болсын. Балаларым биге, домбыраға қатысқысы келетін. Осындай мүмүкіндіктердің ата-аналарға туып жатқанына қуаныштымыз. Ол материалдық жағдаймызға үлкен көмегін тигізіп жатыр. Үйірмеге қатысуға қаншама ақша кететін еді. Енді үнем болды. Таңертеңнен кешке дейін телефонда емес, пайдалы дүниемен айналысқаны қандай жақсы, - дейді Айнагүл.
Осы сияқты Евгения Грапованың да балалары да ақылы түрде каратэ мен суретке барған. Қазір екі ұлы да тегін үйірмелерге жазылған. Тіркелу де еш қиын емес деп ризашылығын білдірді.
Тегін үйірмеге 4 пен 17 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Ол үшін арнайы ашылған artsport.edu.kz сайтына кіріп, тіркеліп, өзіңізге ыңғайлы үйірме орталығын таңдап, жолдама алу қажет. Бұл тек шығармашылық бағытта емес, спорттық бағытқа да байланысты. Бүгінде еліміздің барлық өңіріне қаражат бөлінді, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жалпы бұл біртіндеп-біртіндеп болатын, бірақ пайдасы көп бастама. Алдағы уақыттарда білім және ғылым саласы, спорт секциясы, шығармашылық бағытта балаларды жүз пайыз үйірмемен қамту көзделген.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.