Генералмен кездесу
ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына аталған оқу ордасының бұрынғы бастығы, полиция генерал-майоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызылов келді. Кездесу Шырақбек Қабылбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Академияны 2014-2019 жылдар аралығында басқарған Мирлан Ахмедияұлының еңбегін білім орны ғана емес, берісі облысымыз, әрісі республика, тіпті, шет мемлекеттер біледі. Оқу сапасын, ел қорғау елжандылыққа ұласатын шәкірт тәрбиесін мықтап қолға алды, талай жыл жөндеу көрмеген ғимараттарды жаңалады. Материалдық-техникалық базаны күшейтті. Қазақстан полициясының жарқын болашағы үшін АҚШ, Түркия, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Малайзия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде болып, тәжірибе алмасып келді.
Мирлан Қызыловтың ел есінен ұмытылмайтын ісі деп – оқу ордасына бірегей тұлға, екі мәрте Қазақ КСР Ішкі істер Министрі болған әрі Қостанайдағы жоғарғы полиция мектебінің негізін қалаған генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың есімін алып беріп, қайраткердің мүсінін орнатуы. 1971 жылдың 1 қарашасы «Қостанай облысаралық кіші және орта басшы құрамын даярлау мектебін құру туралы» бұйрыққа қол қойылған күн, яғни, биыл құрылғанына жарты ғасыр толғалы отыр.
Тәртіпке берік, әсіресе рухани салаға, өнерімізге зор көңіл бөліп, «Қостанай таңы» газетінің «Домбыра думан» төл жобасын алғаш республикалық фестиваль деңгейінде ұйымдастыған да – Мирлан Қызылов бастаған академия болатын. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтен жеткен баба аспабымыздың құрметіне өткізілген шара жайында сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жаттық.
Қостанай топырағындағы осы және өзге де бастамалары мен қажырлы жұмысының арқасында Мирлан Ахмедияұлы мемлекет басшысының қолынан әрбір солдат армандайтын генерал шенін тақты.
– Менің қанатым қатайып, биікке самғаған кезім – осы академияда қызмет еткен бес жылым. Әрбір адамның өмірге келгендегі мақсаты – елге, қоғамға, Отанға қызмет ету. Ал бұл оқу ордасы сол мемлекетіміздің рухты білім шаңырағы десем, қателеспеймін. Қазір оқу орнымыздың келбеті өзгерген. Бұған бір жағы кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың келіп, ақжол тілеп кеткені себеп деп есептеймін. Мерейтой қарсаңында өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Біз кеңестік заманда қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант әрі 12 жыл министр болған бірден-бір тұлға – Шырақбек Қабылбайұлы. Бұл қайраткердің өнегелі өмірі, шырғалаңға толы еңбек жолы, қажырлығы, қайраттылығы, ең бастысы, ұлы қасиеті – Отанымызға, ұлтымызға деген сүйіспеншілігі әрқайсымызға өнеге болуға тиіс. Ұлы Дала сақшылары – сіздер бойында темірдей тәртіп орнаған, сонымен бірге халқымызға қалқан, Отанға қорған боларлық, намысы оттай, жігері шоқтай, рухы биік, қырандай қырағы болып қалыптасуларыңыз керек. Ең бастысы, министрліктің «Полиция стандарты» бұйрығына сәйкес «Заңдылық. Әдептілік. Бейтараптық» деген қағиданы бойларыңызда ұстап жүріңіздер деген тілегім бар, – деді генерал жеке құрам және тыңдаушылармен болған кездесу барысында.
Мейманға қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіндегі нақты жедел-қызметтік жағдайды модельдеуге мүмкіндік беретін кешенді оқу полигоны көрсетілді. Сондай-ақ, пенитенциарлық жүйеде пробация қызметінің мамандарын даярлау, экстремистік идеологияға қарсы іс-қимыл жөніндегі мамандандырылған орталықтар таныстырылды.