Жарты жыл қортындыланды
Өңірімізде ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов облыстық мәслихат депутаттары алдында баяндама жасады.Көптеген көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалуда. Мәселен, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыс экономикасының негізгі салаларын дамытуда оң нәтижеге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі-112,3%, ауыл шаруашылығы – 102,6%, негізгі капиталға салынған инвестициялар –117,5%, құрылыс жұмыстары – 102,9%, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 115,2%, бөлшек сауда –103,9%-ды құраған.
-Инфляцияға келетін болсақ, біздің облыста оның деңгейі есеп беру кезеңінде 102,5% құрады, бұл 2018 жылғы кезеңнен 0,1 проценттік тармаққа төмен. Жоғарыда айтылғандай, өнеркәсіп өндірісінде бірінші жартыжылдықта өсім 12,3% құрады, 536,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде мыс кенін, құрамында алтыны бар, агломерацияланған темір кенін, мыс концентраттарын, шекемтастар өндіруді ұлғайту есебінен өсім 7,2% -ті құрады. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары машина жасау өндірісін 64,9%-ке, металлургияны 25,4%-ке, дайын металл бұйымдарын өндіруді 17,1% – ке,жеңіл өнеркәсіпті 8,7% – ке, сусындар шығаруды 7,7%-ке ұлғайту есебінен 18,5% өсімді қамтамасыз етті. Он және одан да көп адамды тасымалдауға арналған жүк және жеңіл автомобильдер өндірісі, ыстықтай илемделген сырықтар мен шыбықтар, сары май, «Доре» қорытпасы, ет, алкогольсіз сусындар өндірісі ұлғайды, – деді аймақ басшысы.
Депутаттар әкім жұмысын сынға алған жоқ, бірақ оған бірнеше өтініш білдірді. Атап айтқанда, Айнаш Даданова Тобыл станциясындағы орта мектептің ғимаратының төбесін жөндеуге қаражат бөлуді сұрады, сондай-ақ, Алтынбек Байғабелов Қарасу ауданының Новопавлов ауылына баратын жолдың нашар жағдайын айтты.
Архимед Бегежанұлы өтініштерді қабыл алып, облыстық әкімдіктің тиісті бөлімшелерінің басшыларына 2019 жылға дейін қаражат пен жөндеу жұмыстарын жүргізуді және келесі жылы Новопавлов ауылының маңындағы 18 шақырым жолды жөндеуді бастауды тапсырды. Облыс әкімінің есебін депутаттар бірауыздан қабылдады.
Есептік кездесуден кейін өңір басшысы облыстық активті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларымен таныстырды. Актив қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға бағытталған бірқатар нақты міндеттер қойылды.
Әсел ҚИБАШ
Суретті түсірген Б.Көркембаев