Жалған ақпарат тарады
Қостанайда "ата-аналардың рұқсатынсыз салынған екпеден оқушылар зардап шекті" деген хабарлама көпшіліктің үрейін ұшырды, деп жазады Express Qazaqstan.
Whatsapp желісінде әлдекім: "…Жігіттер, бүгін менің ұлым сабаққа тұра алмай қалды. Қызым үйде. Себебі, сыныбында бір бала ауру жұқтырыпты. Соған байланысты таратып жіберіпті. Қостанайдағы №7 мектепте 13 оқушыға "манту" деп екпе салыпты. 13 баланың біреуі өліп қалды, үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жігіттер, осы хабарламаны тезірек таратыңдар. Ата-аналардың рұқсатынсыз екпе жасатып жатыр", — деп жанұшыра хабарлайды.
Бұл қауесет ата-аналар арасында тез тарап, көпшіліктің үрейін ұшырды. Express Qazaqstan тілшісі мәселенің мән-жайын тиісті орындардан сұрап білген.
"Интернет желісінде Қостанай қаласының № 7 мектебінде балаларды коронавирусқа қарсы жасырын вакцина салындығы және екпеден кейінгі ауыр зардаптар мен өлім жағдайлары туралы көрінеу жалған аудиожазба таратылды. Балаларды коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жүргізілмейді. Денсаулық сақтау басқармасы балаларға вакцина салынғаны және олардың ауыр жағдайы туралы ақпаратты жоққа шығарады", — дейді Қостанай облыстық білім басқармасының өкілі.
Қазіргі уақытта полиция кінәліні анықтау үшін кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын қолға алды.
"Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 274-бабында көзделген "көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер жалған хабарламалар мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетінін ескертеді", — делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Аталған бап бойынша 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, болмаса төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ бір жылға дейін бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.