Салаға түскен салмақ көп
Әлемнің күн тәртібінен түспей отырған мәселе – коронавирус инфекциясымен күрес. Бір сәтке босаңсуға мүмкіндік бермей келеді. Індетті ауыздықтау жолында жан алыс -жан беріс әлі жалғасуда. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да осы түйткілге баса назар аударды. "Короновирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақытты ұттырмай індетпен күресу іс-шараларын дереу қолға алдық", – дей келіп, Президент істелген елеулі жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде, Қазақстанның вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы елдің бірі екенін айтты. Шетелден біздің вакцинаға сұраныс артып жатқан көрінеді. Бұл да болса сапаға деген сенімнің белгісі. Ал, керісінше, екпеден қашып, көпшіліктің кежегесін кейін тарттырып жүрген адамдар бар. Мемлекет басшысы халыққа антиваксерлердің жетегінде кетпеуге кеңес берді.
Тағы бір айтарлығы, пандемия елімізде фармацевтика өнеркәсібіне көңіл бөлу керегін көрсетіп отыр. Бұл тұрғыда Қ.Тоқаев медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құру бастамасын алға тартты. "Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім. 2025 жылы оны елу пайызға жеткізу қажет", – деп, алға нақты мақсат қойды Президент.
Сондай-ақ, сала мамандары көрсетіліп жатқан қолдауды сезініп отыр. Өткен жылдан бастап жалақы көлемі артты. Індетпен күресте алғы шепте жүрген ақ халаттыларға үстеме ақылар төленуде. Медицина қызметкерлерін ынталандыру жалғаса беретініне де сендіріп отыр. Біз өз тарапымыздан биліктің қамқорлығына сапалы қызметімізбен жауап қайтарамыз.
Сандуғаш ҚАПАРҚЫЗЫ,
Арқалы аймақтық ауруханасының дәрігері