Тоннаға жуық астық ұрлаған
30 тамызда Меңдіқара ауданының полиция бөліміне 66 жастағы шаруа қожалығының басшысынан алқаптан бір тоннаға жуық астық ұрланғаны туралы арыз түсті. Бұл туралы "Сақшы Қостанай" сайты жазады.
"Оқиға орнына жедел тергеу тобы шықты. Астықты комбайннан "Ваз 2114" автокөлігін тізгіндеген белгісіз адамның ұрлағаны белгілі болды. Ол "олжасын" 770 келілік жүксалғышқа тиеп, белгісіз бағытта қашып кеткен", – деінеді хабарламада.
Аталған факті бойынша облыс бойынша дереу хабар беріліп, көп ұзамай 56 жастағы жүргізуші Боровской ауылының маңында ұсталды. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған күдікті Жітіқара ауданының тұрғыны болып шықты. Кінәсін толық мойындап, астықты сату үшін ұрлағанын айтқан. Астық иесіне қайтарылды. ҚР ҚК-нің 188-бабында көзделген "Ұрлық" дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция қызметкерлері астық жинау кезеңінде осы сипаттас қылмыстарды анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Облыс бойынша жұмыс істейтін арнайы мобильді топтар құрылды.