Дычко “Канеломен” бірге жаттығуы мүмкін
Жерлесіміз Иван Дычконы (10-0, 10 КО) кәсіпқой бокстың жарқын жұлдызы Сауль "Канело" Альварестің (56-1-2, 38 КО) жаттықтырушысы Эдди Рейносо жаттықтыруы мүмкін. Бұл туралы Ваняның менеджері Зия Алиев Vesti.kz сайтына берген сұқбатында айтты.
Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы Иван Дычко 11 қыркүйекте рингке шығуы мүмкін. Қазіргі уақытта оған қарсылас ізделіп жатыр.
"Иван Сан-Диегоға ұшып барды. Оны Эдди Рейносо шақырды. Ол "Канелоның" залында жаттығып, Фрэнк Санчеспен (18-0, 13 КО) спарринг өткізеді. Иванға да мұндай деңгейдегі спаррингшілер қажет. Ал Ф.Санчес бұрындары Дычкомен спарринг өткізген Эфе Аджагбамен (15-0, 12 КО) жекпе-жекке дайындалып жатыр, – деді Алиев. – Мен өзім 28 тамызда сол жаққа ұшып барамын. Эдди Рейносо менімен әлде бір мәселені талқылағысы келеді. Ол 2019 жылы да Иванды жаттықтырғысы келген".
Айта кетейік, 31 жастағы жерлесіміз қыркүйекте Джонатан Райс (14-6-1, 10 КО), Кассиус Чейни (21-0, 14 КО) немесе Андрей Федосов (32-3, 26 КО) үшеуінің бірімен жұдырық түйістіруі мүмкін.