Үздіктерге – 34 миллион
Қостанай облысындағы мектеп пен колледжге жетістіктері үшін 34 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде белгілі болды. Жиын бейнеконференция режимінде өтті.
«Биыл Қарасу ауданында мемлекеттік тілде оқытатын 320 орындық жаңа мектеп ашамыз. Қарабалық ауданында, сондай-ақ Қостанайда «Береке» және «Қонай» шағын аудандарында үш мектептің құрылысы басталды. 2025 жылға дейін 13 жаңа мектеп, ал келесі жылы – 7 мектеп салынады. Жыл сайын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл 83 білім беру нысанын жөндеуге 6 миллиард теңге жұмсалды. Сондай-ақ, қала әкімдеріне мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жаңа балабақшалардың құрылысын қарауды тапсырамын», – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов кеңесте.
Кеңесте оқу процесі қашықтықтан оқыту форматына көшкен жағдайда оқушылар мен педагогтардың 100%-ы компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуі тиіс екендігі ерекше атап өтілді. Бүгінгі күні мектептерде 30 мыңға жуық компьютер бар, олардың 15 мыңнан астамы 2020 жылы ҚР Үкіметінің резервінен сатып алынған.
Архимед Мұхамбетов бес педагогқа төс белгі табыс етті. Сондай-ақ, облыстың мектептері мен колледждері арасындағы «Үздік білім беру ұйымы» облыстық байқауының жеңімпаздарына 34 миллион теңгеден екі сертификаты берілді.
Биыл Қазақстан агротехникалық колледжі және Мичурин жалпы білім беру мектебі жеңімпаз атанды.
Облыс бойынша тамыз кеңесі аясында барлығы 300-ден астам педагог марапатталады.