ӘЛЕУМЕТКЕ ӘЛ КЕРЕК
Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 9,2 трлн теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті.
Үкімет қарауына ұсынылған «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы еліміздің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген. Құжат әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартуға және экономиканы біртіндеп қалпына келтіруге бағытталғанын айта кеткен абзал.
Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, 2022 жылы түсімдер биылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғая отырып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанған. Мұнайлы емес түсімдер 1,8 трлн теңгеге немесе 25,1%-ға ұлғаюмен қарастырылған. Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мұнайдан түсетін түсімдерді біртіндеп Ұлттық қордың қаражатын жинақтау режиміне оралуға байланысты 1,3 трлн теңгеге төмендету қарастырылыпты.
«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт келесі жылға 2,4 трлн теңге мөлшерінде анықталды, ол біртіндеп 2024 жылы 2,0 трлн теңгеге дейін төмендейді. Нәтижесінде, мұнайлы емес түсімдердің үлесі ағымдағы жылы 56,4%-дан 2024 жылы 71,4%-ға дейін өсетін болады. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы- 9,7 трлн теңгені, 2024 жылы 10,4 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3%-нан кезең-кезеңмен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-на дейін төмендеуімен жоспарланған. Бұл ретте мұнайлы емес тапшылық көрсетілген кезеңде жалпы ішкі өнімнің 8,1%-нан 6,3%-ға дейін төмендейді», – деді ведомство басшысы.
Бюджет шығыстары құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50 пайызға жеткізілуі тиіс.
«Шығыстар орта мерзімді кезеңге Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарын ескере отырып, қалыптастырылды. 2022 жылы шығыстар биылғы жылдың жоспарынан 577 млрд теңгеге ұлғая отырып, 15,9 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 14,9 трлн теңге деңгейінде анықталды», – деді Е. Жамаубаев.
Оның айтуынша, Даму бюджетінің көлемі 2022 жылы 1 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр. «Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50 пайызды құрайды. Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік салаға 2021 жылдың бюджетіне қарағанда 515 млрд теңгеге өсе отырып, 8 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Шығыстардың өсуі жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына, сондай-ақ мұғалім мен дәрігер жалақысының көтерілуіне байланысты болды», – деді министр.
2022 жылы түсімдер биылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғая отырып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанғанын айта кеткен жөн.