Көп балалы ана ешкі бағады
Рудный қаласының Железорудный станциясында көп балалы ана ешкі фермасын ашты. Бұл туралы "Рудненский рабочий" сайтында жазылды.
Төтрт баланың анасы Ардақ Кланова "Бастау Бизнес" курсын оқып шығып, шағын кәсібін бастады. Қолына тиген грант қаржысына алты-алтыдан ешкі мен теке сатып алған.
"Интернет ақтарып отырып, "Бастау бизнес" курстары басталатыны туралы хабарландыруға көзім түсті. Бұл 2020 жыл болатын. Пандемия басталған жыл. Курс талаптары өте қатты қызықтырды. Курс онлайн режимінде өтті. Сөйте тұра, оқуды жан-жақты меңгеруге осы ресурстың өзі жеткілікті болды", – дейді Ардақ.
Оған ешкі бағу идеясы бірден келмеген. Әуелде қысы-жазы көкөніс өсіруді ойлапты.
"Үйіміздің ауласында істен шыққан, айтарлықтай көлемді жылыжай бар еді. Соған қатысты іштей жоспар құрдым. Бизнес-тренерміммен бұның мүмкіндіктерін жан-жақты пысықтап көрдік. Сөйтсе, бұл идеяны жүзеге асыру үшін, яғни жылыжайды қайта іске қосу, жаңғырту үшін шамамен 5 млн теңгедей қаржы керек екен. Содан келіп, шағын кәсіптен бастауға байлам жасадық. Кейін "ешкі бағу да пайдасыз іс емес" деп шештім", – дейді ол.
Ардақ Кланова тренерінің көмегімен жаңа бизнес-жоспар құрып, онысы комиссияның көңілінен шыққан. Осылайша, 555 мың теңгенің грантына ие болыпты. Ешкілерді сатып алар кезде таңдауы Заанен тұқымына түсіпті. Бұл сүттілігімен ерекшеленетін тұқым саналады.
Жалпы, отбасының мал бағуда тәжірибесі бар. Жұбайы екеуі бұған дейін Әулиекөл ауданында тұрғанда атакәсіпті күнкөріс еткен көрінеді. Мінекей, тағы да алдарына ашатұяқ салып, нәпақа айырып, төл қайыру мүмкіндігі туып отыр. Айтқандай, таяуда ғана ешкілері жаппай төлдеп, бас саны көбейе түскен.
"Сондықтан, ешкі сүтін сатуды уақытша тоқтатып отырмын, – дейді Ардақ. – Лақтары жарыса екен деймін. Алда қыс келе жатыр, соған дейін аяқтанып кетсе, жақсы болар еді. Әрине, ешкі сүтіне сұраныс қашанда бар. Литрі 500 теңгеден басталады демесеңіз, пұлсыз қалдырмайды. Жалпы, ешкі сүті өте пайдалы өнім ғой. Ірімшік, құрт етіп сатса да сұраныссыз болмайды".
Ешкі малының тез көбейетіні анық. Сөйте тұра, оның бабы да оңай емес. Мәселен, қандай да бір жемшөп түрін шамадан тыс көп жеп қойса, келесі жолы оған ауыз салмайды екен. Сондықтан да күнделікті азықтандыру межесін қарап отыру керек дейді "жас" кәсіпкер. Үнемдеудің тағы бір себебі – жемшөп біртіндеп қымбаттап барады. Мысалы, Ардақтың айтуынша, пішеннің бір бумасы былтыр 500 болса, биыл 300 теңгеге қымбаттаған. Ал бұл табысы аз отбасының қалтасына соққы. Бірақ бұған мойиын дейтін ол жоқ, қайткен күнде де кәсібін тұралатпауға бекініп отыр.
Жалпы, "Атамекен" ҰКП Рудный филиалының мәліметінше, өткен жылы курсты 60 адам аяқтап, олардың 45-і грант иеленген. Тағы бір кәсіпкер несиеге қол жеткізген. Биыл 60 адам оқып жатыр екен. Қосымша тағы да 5 рудныйлық азамат жергілікті бюджет есебінен курстан өтпек. Бұлар да алдағы уақытта жеке бизнес-жоспарларын құрып, грантқа және несиеге үміткер атана алады.