Туған жерде этнотуризм жандана түсуде

Жанкелдин ауданында жылжымалы киіз үй глэмпингі ашылды. Бұл облыс көлемінде қолға алынып отырған тың жоба. Жоба авторы Торғай өңірінің тумасы Амандық Әмірхамзин ағамыз. Жартоғай ауылында жүзеге асқан бастама бұл өңірде этнотуризмнің дамуына айтарлықтай үлес қоспақ.
Глэмпингтің ашылуына Қостанай облысы Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов бастаған бір топ азаматтар қатысты. Іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды сақтай отырып, ұйымдастырылды. Аудан әкімі Шота Оспанов пен аудандық мәслихат хатшысы Серік Нұрғазин, кәсіпкерлік нысанының жетекшісі Амандық Әмірхамзинмен бірге глэмпингтің таспасын қиды. Ашылу салтанатына жиналған қауым шашу шашып, игі тілектерін білдіріп жатты.
– Жоба ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының арқасында жүзеге асырылды. Жоба үшін Қостанай облысы Жангелдин ауданының Албарбөгет ауылдық округіне жататын Жартоғай ауылы таңдалды. Бұрын бұл шағын ауыл бөлімше болған, осындай игі бастамалар ауылымыздың, туған жердің өркендей түсуіне бастамашы болатынына сенімдімін. Этнотуризмнің дамуымен Торғай өңірі екінші тыныс алады, ал глэмпинг өңірдің баламалы дамуының негізін қалайды деп үміттенеміз. Біз өз тарапымыздан туристерге глэмпингте демалу, атпен жүру, садақ ату, балық аулау, ұлттық тағамдардың дәмін тату, аймақтың флорасы мен фаунасымен танысу, жергілікті халықтың тұрмысымен танысу сияқты қызықты дүниелерді ұсынамыз. Бәлкім, бұл жоба кезінде ферма орталығы болған Жартоғай ауылының қайта түлеуінің бастамасы болар деген үмітіміз бар, – дейді Амандық Әмірхамзин.
Айта кетерлігі Амандық Әмірхамзин отандық туризмді дамытып жүрген азамат. Бұл бастамасы қала өмірінен шаршаған, туған жерге саяхаттап барып, топырағына аунап-қунап жатамын деген жандар үшін, отбасылар үшін тамаша мүмкіндік. Ал Торғай халқына қосымща жұмыс орны, баламалы табыс көзі болары сөзсіз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓