Жаңа оқу жылында – жаңа платформа
Биылғы оқу жылында облыс оқушылары Topiq.kz платформасы арқылы сабақ оқиды. Мұны пайдалануға рұқсат алу үшін өңір бюджетінен 20 млн теңге жұмсалған. Жетілдірілген жаңа ресурста мектеп оқулықтарының электронды нұсқасы ғана емес, түрлі көрнекі материалдар, мультимедиялық мүмкіндіктер қолжетімді болады.
Аталмыш платформада бейнематериалдар, интербелсенді тапсырмалар бар. Мұғалімдер өз еріктерімен үй тапсырмаларын даярлап, үлестіріп, тексере алады.
"Бұл ресурстың қолайлы тұсы – мұндағы оқулықтар қағаз кітаптардың сканерлік нұсқасы ғана емес. Платформадағы оқулықтар мультимедиялық кітап ретінде енгізілген. Айталық, тарих сабағында оқушылар таңдалған тақырыппен танысып қана қоймай, тарихи фильмнің қандай да бір үзіндісін көре алады. Не болмаса, ән-күй сабағында, мәселен, белгілі бір операдан үзінді тыңдауға болады, яғни, бір сөзбен, бұл дегеніңіз қағаз кітаптың көшірмесі ғана емес", – дейді облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Қарлыға Исмурзина.
Цифрлық оқулық платформасына кез келген гаджет немесе тасымалдаушы арқылы бағдарламалық қамсыздандырусыз-ақ кіре беруге болады. Айтқандай, өткен жылы облыс оқушылары басқа платформа арқылы жұмыс істеді, бірақ онда тек оқулықтардың электронды нұсқасы ғана болған еді. Ал биыл Білім және ғылым министрі орта білім беру мекемелерін Topiq.kz ресурсымен қамтамасыз етуді ұсынды.
Дей тұрғанмен, электронды оқулықтарды сатып алумен іс біткен жоқ. Дәстүрлі қағаз кітап пайдаланудан бас тартуға әлі де ерте. Осы жылы қолда бар оқулықтар оқушыларға жазғы демалыс басында үлестірілген. Ал қайтадан басылып шығатын кітаптар және бірінші сынып оқушыларына арналған оқулықтарды облыстық білім басқармасы толық көлемде сатып алып қойған.
"Биыл қайтадап шығарылған оқулықтарды барлық бірінші сынып оқушыларына сатып алдық. Сондай-ақ, 3, 7 және 8 сынып оқушыларына арналып, қайта басылып шыққан информатика оқулығы да толық көлемде облысқа жеткізілді. Осы жылы осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның 1,200 млрд теңгесі оқулыққа және 160 млн теңгесі көркем әдебиет сатып алуға жұмсалды", – дейді бөлім басшысы.
Айта кетейік, облыста жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 11 мыңнан астам жеткіншек барады. Ал оларға сатып алынып отырған оқулықтардың ұзын саны 12 мыңның айналасында. Сондықтан мамандар кітап тапшылығы болмайтынына кәміл сенімді. Сондай-ақ, мектеп табалдырығын алғаш аттайтын жеткіншектерге жұмыс дәптерлері де оқулықтармен қоса үлестіріледі. Балаларын мектепке қабылдату үшін ата-аналар қажетті құжаттарды 1 тамызға дейін өткізген.