Алты ауыл ауыз сумен қамтылады
Меңдіқара ауданының бірқатар ауылында сапалы ауыз су таратуға арналған пунктер ашылып жатыр.
«ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру шеңберінде Қостанай облысының шалғай ауылдарында су құю пунктерін орнату бағдарламасы басталды. Бұл бағдарлама 2021-2025 жылдарды қамтиды.
Биыл Меңдіқара ауданының Теңіз, Алешин, Молодежный, Долбушка, Иванов, Ақсуат елді мекендерінде алты ауыз су тарату пунктін орнату жоспарланды. Аталған пунктерді дайындаушы және жеткізуші –елордалық «KazBioServis – Astana» ЖШС.
Пунктер қалыңдығы 100 мм болатын сэндвич панелдерінен жасалған. Бұл материал судың температурасын қыста жылы, ал жазда салқын күйде ұстап тұрады. Қазіргі уақытта барлық пунктер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бір литр судың бағасы 36 теңге. Осылайша меңдіқаралықтар сапалы әрі қолжетімді бағадағы ауыз суды тұтынуда. Келесі жылы тағы сегіз елді мекенде осындай су тарату пункті орнатылмақ.