Міндет – егінді шығынсыз жинау
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов аудан-қала басшыларымен өткізген жиында ауыл шаруашылығы құрылымдарының егін жинау науқанына дайындығы, жұмыс жүргізу технологиясы және жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі жазады.
Облыстағы биылғы жаздық егіс алқабы – 4,7 млн гектар. "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге облыс шаруашылықтары несиеге 25,7 млрд теңге, "Азық-түлік корпорациясы" АҚ арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу үшін 10 млрд теңге алды. Облыстың АӨК дамытуға осы жылы 38,1 млрд теңге субсидия мен бюджеттік кредит бөлінген.
Биыл ауа райы қолайсыз болды. Егіс кезінде ұзақ уақыт жауын-шашынның, жоғары температураның болмауына байланысты топырақтың жоғарғы қабаты құрғай бастады. Диқандар егіс жоспарларына түзетулер енгізуге, егіс алқаптарын, атап айтқанда ұсақ тұқымды майлы дақылдар алаңын қысқартуға мәжбүр болды.
"Қолайсыз ауа райы факторларының әсерін төмендету үшін біз тауар өндірушілерге қаржылық қолдау көрсету мүмкіндігін қарастырдық. Ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін азық құнын арзандатуға 1 млрд 893 млн теңге субсидия бөлінді, – деді аймақ басшысы. – Қазіргі кездегі негізгі міндет – егін жинау жұмыстарын ұйымдасқан түрде жүргізу, барлық тиісті шараларды қабылдау және егінді шығынсыз жинау, мал қыстауының табысты жүргізілуін қамтамасыз ету, саладағы тұрақтылықты сақтау".