Қысылғанда қол ұшын созды
Биылғы қуаңшылық өңірде шөп шығымына кері әсерін тигізді. Күні бүгін шаруалар әзірлеген мал азығы жетімсіз. Мұның алдын алмаса қыста қиын болуы мүмкін. «Қиындықта елмен бірге!» республикалық акциясы шеңберінде Б.Майлин, Жітіқара, Денисов аудандарын шөппен қамтамасыз ету шарасы қолға алынды.
Жалпы, облыс бойынша төрт түліктің қыстан қысылмай шығуы үшін шамамен 1 млн 084 мың тонна шөп қажет. Ал бүгінгі таңда облыс бойынша барлық әзірленген мал азығы 840,1 мың тонна. Бұл тиісті көрсеткіштің 77,5% – не тең. Биыл Жітіқара, Денисов және Б.Майлин аудандарында шөп тапшы. Аттары аталған үш ауданда қысқы мал азығы бар болғаны 40-55% көлемінде ғана әзірленген. Сондықтан, аудандар осындай қысылтаяң шақта бір-біріне қол ұшын көмегін созып жатыр. Мәселен, бүгін Меңдіқара ауданынан Жітіқараға 120 тонна шөп жөнелтілсе, ұзынкөлдіктер Б.Майлин ауданына 50 тонна, Науырзым ауданы Денисовке 50 тонна шөп жеткізіп берді. Кеше ұзынкөлдік кәсіпкеплер Б.Майлин атындағы ауданда тұратын көп балалы он бес отбасына тегін шөп түсіріп берді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ольга Нұрғалиева шөп аудандағы үш ауылдық округке жіберілгенін айтқан. Аудандық жастар ресурсы орталығының еріктілері шөпті үйді-үйге жеткізіп беруге жәрдемдескен. Айтуынша, әр отбасы шамамен үш тонна шөп алған.Игі бастамаға Ұзынкөл ауданындағы «Веста» ШҚ, «Крутоярское» ЖШС, «Надежда» ШҚ, «Казанка» ЖШС қол ұшын созған. Әр шаруашылдық 10-15 тоннадай шөп берген. Өңірде қысқа қажетті мал азығының 80%-і әзірленген. Ұзынкөлдіктер биыл шөптен кенде болған жоқ. Сондықтан, қолда барды осындай қиын кезеңде өзгелермен бөлісуді жөн санапты. Наурызым ауданындағы «Шолақсай-1» , «Кенесары-2012», «Самұрық», «Әбілов», «Байжан» серіктестіктері де игі шарадан тыс қалған жоқ. Олар Денисов ауданына 30 тонна шөп жөнелтті. Бір ғана Дәмді ауылының шөпшілері 20 тонна мал азығын буып-түйіп, теріскейге аттандырыпты.Ал Меңдіқара ауданының шаруалары шөптен тарылған жоқ. Бір ғана «Қарқын» агрофирмасы» ЖШС Жітіқараға 100 тонна шөп жібереді.Алдағы аптада жітіқаралықтар Меңдіқара ауданының аумағынан тағы да қысқа қажетті мал азығын әзірлеп алуды жоспарлап отыр.Жітіқаралықтар жеткізілген шөпті мүгедектерге, көп балалы отбасыларға, жалғыз ілікті зейнеткерлерге бөліп бермек. Мұнда мал санына қарай шамамен он екі отбасына шөп түсіріледі.
Әлібек ЫБЫРАЙ