Індет тоқтасын десек…

Вакцина салдыру туралы айтылғанда бұл індеттен құтылудың бірден бір жолы осы деп түсіндім. Мамыр айында өз еркіммен екпе салдырдым. Мамандығым мұғалім болғандықтан маған артылар жүк ауыр. Мен ата-анамен, балалармен жұмыс істеймін. Сондықтан денсаулық ең алдымен өзіме керек және айналамдағы адамдарды, жақындарымды да ойлауға міндеттімін. Көпшіліктің арасында жүреміз, сол себепті бірден вакцина салдыруға келісім бердім.
Екпенің алдында тиесілі ереже бойынша терапевт дәрігер бізді қабылдап, дене температурамызды, қан қысымымызды өлшеп, денсаулыққа қатысты сауалдарын қойып, жағдайымызды білді. Өз басым созылмалы аурулармен ауырмаймын. Алдында да вакцина туралы оқып, ақпарат алған болатынмын. Дәрігер екпе алған соң қандай жағдай болады, қалай күтіну керек екенін түсіндіріп, екпеден кейін қан қысымы және дене қызуы көтерілуі мүмкін екенін де ескертті. Бірінші күні расымен солай болды. Дәрігер сағат сайын хабарласып, халімді білді. Бізге дәрігерлер ұжымға келіп салды. Екпеден кейін жарты сағат дәрігерлердің қарауында болдық. Уақыты келгенде екінші кезең екпесін де алдым. Қазіргі уақытта жағдайым өте жақсы. Ешқандай ауырсынулар байқалмайды. Бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына әсер етеді. Біз пандемия кезінде жауапкершілік танытуымыз керек.
Адам денсаулығы ең басты байлық. Былтырдан бері осы індеттен арыла алмай келеміз. Бұл инфекцияның біздің елімізді де айналып өтпегені өкінішті. Осының салдарынан қаншама азаматтар келмеске кетті. Ендігі уақытта індетті жеңудің бірден бір жолы осы екпе екенін түсінуіміз керек. Екпенің еш қауіпті емес екенін халық түсінсе деймін. Әлеуметтік желілерде негізсіз ақпараттардың қалай болса солай тарап жатқанының кесірі көпке тимесе екен деп едім. Денсаулықты сақтау үшін, коронавирусқа шалдықпау үшін вакцина алу керек. Мен біреуді үгіттейін деп отырғаным жоқ. Көпшілікті шошытып, түрлі ақпарат таратып, бекерден қорқып жүрген азаматтарға ойланыңыздар дегім келеді. Мамандар нақты дәлелдермен вакцина осы індетті жеңудің бірден бір жолы екенін айтып отыр. Сан ғасырларда түрлі ауруларды осындай екпелермен жеңген емес пе?!
Эльмира Рахимова,
Қостанай қаласының №1 мектеп-лицейінің мұғалімі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓