Шаруашылық барысымен танысты

Арқалыққа арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов «Әсел – К», «Село – Восточный», «Бірлік – К» , «Сұлтан», «Азия – 1», «КХ Елена», «Нұржайлау» сынды шаруашылықтардың егістік жұмыстарымен танысты.
Жаздың ылғалсыз болуына байланысты қазіргі егіннің шығымы гектарына шамамен 3 центнерден ғана айналады. Алайда, өткен жылы табиғаттың осындай қытымыр мінезіне қарамастан «Азия 1» серіктестігінің басшысы Иван Гертнер гектарына 12, «КХ Елена» жетекшісі Надежда Литяк 15 центнерден өнім алды. Аталған шаруашылықтардың басшылары былтырғыдай мол табысқа кенелмегенмен, әлі де кемі 10 центнерден өнім алуға үмітті екендіктерін алға тартты. Бұл шаруалардың егістік алқаптарына қажетті өңдеу жұмыстарын жеткілікті түрде жүргізудің арқасында оң көрсеткіштерге жетіп отырғаны айтылды.
Биылғы қуаңшылық жылы ауыл халқы мал азығынан таршылық көрмеуі үшін қала әкімі Әмірхан Асановтың басшылығымен арнайы штаб құрылған болатын. Қала аймағы бойынша 59800 тонна шөп қажет болса, бүгінде соның 66% – і (39500 тонна) дайындалған.
  Ғауез Торсанұлы шөптің бағасын қымбаттатпауды тапсырды. Сапар барысында 7 500 бас ірі қара ұстауға арналған мал бордақылау алаңы мен ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін кешенде болды. Кешенде 20 000 тонналық элеватор, қуаттылығы сағатына 15 тонна мал азығын дайындауға қауқарлы кәсіпорын және 75 тонна ұн шығаратын диірмен іске қосу жоспарланған. 
Сондай – ақ, «Арқалық қаласындағы жылумен жабдықтау жүйесін 2030 жылға дейін реконструкциялау» жобасы аясында салынып жатқан жаңа жылу орталығының жұмысымен танысып, маңызды құрылысты сапалы, әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
Мұрат Жүнісұлы
                                                                                               Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓