Жаңа кодекс күшіне енді
2021 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енді, оның нормалары өтініштерді қарау бөлігінде мемлекеттік органдар жұмысының форматын өзгертуге арналған.
Осы Кодекстің негізгі мақсаты азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады.
Мемлекеттік функцияларды орындауға өкілеттік берілген жария субъектілердің дербес жауапкершілігі көзделген.
Кодекстің нормалары өтінішті қарау процесін де, берілген жауапқа шағымдану рәсімін де нақты реттейді.
Өтініштерді қарау әкімшілік рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ мынадай ұғымдар енгізіледі:«әкімшілік орган» – өтінішті қарайтын субъект,«әкімшілік акт» – өтінішті қарау нәтижелері бойынша қабылданатын шешім.
Әкімшілік органға берілетін және әкімшілік рәсімді қозғауға негіз болатын өтінішке қатысты азаматтар сақтауға міндетті талаптар белгіленеді.
Өтініште көрсетілетін міндетті деректемелер:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);
2) өтініш берілетін әкімшілік органның атауы, лауазымды адамның аты-жөні;
3) өтініштің мәні;
4) өтініштің берілген датасы;
5) өтініш берушінің немесе оның өкілінің қолы;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер.
Әкімшілік рәсімдер шеңберінде өтініштерді қарау мерзіміақылға қонымдыобъективті себептер бойынша, бірақ 2 айдан аспайтын мерзімге ұзарту мүмкіндігімен 15 жұмыс күнін құрайтын болады.
Өтініш беруші өзінің өтініші бойынша шешімді алып, онымен келіспеуге және 3 ай ішінде шағымдануға құқылы:
1) бағыныстылығы бойынша жоғары тұрған әкімшілік органға (сотқа дейінгі шағым),
2) сотқа(бағыныстылығы бойынша жоғары тұрған әкімшілік орган болмаған жағдайда, сондай-ақ жоғары тұрған әкімшілік органның шешімімен келіспеген жағдайда).
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы № 500 Жарлығымен 21 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты құрылды, онда әкімшілік органдар мен азаматтар арасындағы жария-құқықтық даулар қаралатын болады.
Сот тәртібімен шағым жасау кезінде, сот мемлекеттік органдардың кінәсі дәлелденген жағдайда, оларды процестік мәжбүрлеу шараларын көздейді.
Соттың белсенді рөлі қағидасына сәйкес, сот істі дұрыс шешу үшін барлық қажетті құжаттарды талап ету мүмкіндігіне ие бола отырып, дәлелдемелер жинау туралы бастама жасайды.
Сонымен қатар, жаңа Кодекстің ережелеріне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізуде бірқатар жағдайларда тараптардың татуласуы көзделген.
Тараптар өзара жол беру негізінде татуласу, медиация, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімдер жасай отырып, дауды толық немесе ішінара реттей алады.
Сондай-ақ, жаңа Кодекстің енгізілуімен өтініштерді қабылдау және өңдеу форматы өзгереді.
Облыстың барлық мемлекеттік органдарында өтініштерді өңдеу «Е-өтініш» бірыңғай ақпараттық жүйесінде жүргізіледі.
Азаматтардың өтініштерін қабылдау көбінесе «Нәтиже» азаматтардың өтініштерін қабылдаудың бірыңғай орталықтары – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы жүзеге асырылады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының Халыққа қызмет көрсету орталықтарының базасында Қостанай облысында 22 «Нәтиже» өтініштерді қабылдау орталығы құрылды.
«Қазпошта» АҚ облыс бөлімшелерінің базасында 81 автоматтандырылған пошта байланысы бөлімшесі құрылды.