Федоров ауданының кәсіпорындары жаппай екпе салдыруда
Індетке қарсы күресте ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызы зор. Осыны ескерген Федоров ауданының кәсіпорындары жаппай екпе салдыруда. Вакцинацияға жергілікті денсаулық сақтау мамандары мен полиция қызметкерлері де белсенді қатысқан.
Аудан әкімінің орынбасары Рамиль Валеевтің айтуынша, мұндағы 14 мың тұрғынның бүгінге дейін 5 мыңнан астамы егілген. Яғни, көрсеткіш әзірге 35% жоғары.
«Вакцина салдыру арқылы өзімізді, жақындарымызды қорғаймыз. Мұны кәсіпорын басшылары, тауар өндірушілер жақсы түсініп отыр. Сондықтан, вакцинация науқаны басталғаннан-ақ соны жұмысшыларына ұқтыра білді. Есесіне жұмыстары тоқтаған жоқ», – дейді Рамиль Валеев.
Жұмысшылары екпенің толық компонентін алған кәсіпорынның бірі – «Гранд» ЖШС. Қауіпсіздікке ерекше мән беретін ұжым басшылығы «алда егін орағы келеді, ауруға уақыт жоқ» дегенді айтады.
«Серіктестікте 300 адам тұрақты жұмыс істеп жүр. Вакцинация басталған кезде аудан орталығындағы ауруханаға барып, өз еркімен егілген жұмысшыларымыз бар. Кейін дәрігерлерді ауылымызға бірнеше рет келді. Бәріміз кезекке тұрып, екпе салдырдық. 76 жастағы мен де, қант диабетімен ауыратын жұбайым да егілді. Ешбір қиналмадық. Бір адам ауырса, бүкіл жұмысқа кері әсерін тигізуі мүмкін. Сақтық керек. Мемлекет халық денсаулығына қажет алдын алу шарасын тегін өткізіп жатыр, соған алғыс айтамыз, әрине», – дейді «Гранд» ЖШС директорының орынбасары Иван Вороной.
Котряков ауылы вакцинацияға белсене қатысқан елді мекендер қатарында. Мұнда екпені алғашқылардың бірі болып салдырған Виктор Шепетовский жұртшылықты індеттен сақ болуға шақырды.
«Әйелім екеуіміз өз еркімізбен бардық. Егілген соң, ешқандай қолайсыздық сезінген жоқпыз. Барша адамзат үшін жасалып жатқан игіліктен бас тартуға болмайды», – ауыл тұрғыны.
«Тұрар» серіктестігі де вакцинаның қос компонентін толық алған ұжым. Бас директорынан бастап 180 жұмысшының бәрі екпе салдырған.
«Жұмысшылардың денсаулығын сақтау – басты мақсат. Ұжым басшысы өзі үлгі көрсеткен соң, бәріміз қолдадық», – дейді «Тұрар» ЖШС атқарушы директоры Хафиз Минисламов.
Ауданда тұрғындарға covid-19 індетіне қарсы вакциналаудың маңызы мен қажеттілігін түсіндіру жұмыстары көптеп жүргізіліп жатыр. Мұнда құрылған 3 ақпараттық-түсіндіру тобы ауылдарды аралап, бір апта ішінде 3 мыңнан артық адаммен кездесу өткізген.