Таңдау жасау – халық құзырында
Өздеріңізге белгілі, маусым айының соңында біздің VII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясы аяқталды. Сессияның жабылуына байланысты қос Палатаның бірлескен отырысында Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин өткен алты айдын ішінде атқарылған жұмыстарға қорытынды жасап, сонда осы «Сайлау туралы» Заңға ерекше көңіл бөлген еді.
Расында бұл Заң мемлекетіміздегі саяси реформаларды табысты жүзеге асыруға елеулі ықпал етеді деп сенеміз. Өйткені, біздің еліміз демократиялық және құқықтық ел ретінде үздіксіз жетілу үстінде. Сондықтан, Мемлекет басшысының Қазақстанымызды саяси жаңғырту бағытындағы тапсырмасы бойынша осы Заң әзірленіп, қабылданды. Оған Президенттің ұсыныстары енгізілді. Сондай-ақ, осы Конституциялық Заңда қабылданған, бұрын егемен еліміздің тарихында болмаған елеулі норма – ауыл әкімдерін сайлауға қатысты.
Биыл алғаш рет ауыл әкімдері тікелей дауыс беру арқылы сайланады.
Бұл әдіс өте қажетті әрі халық үшін де пайдасы зор деп есептеймін. Олай дейтінім, халықпен етене байланыс жасайтын негізгі тұлға ауыл әкімі. Енді жергілікті тұрғындар өз мұң-мұқтаждарын айтатын және оны шешуге ықпал ететін жауапты адамды өздері таңдай алады. Тиісті талаптарын қояды, орындатады. Бұл өз кезегінде екі жақтың да өзара тиімді байланыс жасауына жол ашады. Өз әкімдерін өздері сайлайтын болғандықтан ауыл азаматтарының саясатқа деген белсенді, ашық көзқарастарын қалыптастыруға да тиімді. Сөзімнің басында айтқанымдай, елдегі демократиялық үрдістерді нығайтуға да жаңаша дем береді. Демек, ауыл әкімдерінің сайлауы мемлекетіміздің саяси-қоғамдық өміріне жаңа серпін беруге арналған, өз уақытында жасалған тиімді қадам деп есептеймін. Бұл қадам заң деңгейінде жан-жақты қамтамасыз етілді.
Қазіргі уақытта барлық Мәжіліс депутаттары аймақтарда кезекті іс-сапарда жүрміз. Іс сапар кезінде «Сайлау туралы» басқа да заң жобалары бойынша тұрғындарға насихат жұмысын жүргізетін боламыз.
Әлия САПАРОВА,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
"Nur Otan" партиясы фракциясының мүшесі.