Елбасы батасын алған

Әнел Қаршығаеваның Елбасымен түскен суреті Қостанай қаласындағы Достық үйінің төрінде ілулі тұр. Бұл бір тарихи сурет. Кіп-кішкентай ерке қыз Нұрсұлтан Назарбаевқа еркелей әңгіме айтып отыр. Жайдары жүзді Елбасы Әнелді бар ынтасымен тыңдап қалған. Сондай жылы сурет, есте қаларлық сәт.
Есте қалған ерекше сәт
Шындығында бұл сурет біздің өңірге ғана емес, жалпы елімізге танымал екен. Себебі Елбасыдан бата алған, бүгiнде азамат болған өрендердiң тәуелсiз елiмiздiң дамуына қосқан өзiндiк үлестерiн баяндайтын "Президент пен перзент" атты кітап шыққанда бойжетіп қалған Әнелді журналист Бейсенбай Дәулетұлы сонау Алматыға іздеп барып, бір суреттің тарихы жайында сұхбат алып, кітапқа басқан. Жинақта Елбасының алдында талантымен танылып, ризашылығына бөленіп, алғысын алып, тілегін тыңдаған балалардың өнері мен өмірі жайлы мол мағлұмат берілген. Білімі мен тәрбиеге ақыл мен қайратты ұштастырып, белгілі бір белесті игерген кешегі балалардың – бүгінгі даралардың жетістігі елге таныстырылады. Сол өрендер бүгінде Елбасының үмітін ақтап, әр жақта білім алып, елдің дамуына өз үлестерін қосып жүр.
– 2004 жылы осы кітап шықты. Жинаққа еліміз бойынша Елбасыдан бата алған 12 жастың есімі енген екен. Кітап жарыққа шыққан соң Астанаға шақырту алдық. Ақордада басымызды қосып, Елбасымен кездестік. Нұрсұлтан Әбішұлы бізге батасын берді. Ризашылығын білдірді, – дейді Әнел.
Бұл Әнелдің Нұрсұлтан Әбішұлымен үшінші рет кездесуі еді.
– Мен Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын күні кеше аяқтап, қолыма диплом алдым. Енді магистратураға тапсырсам деп ойлап жүрмін. Түрлі концерт, конкурстарға қатысып жүрмін. «Голос Украины» байқауына жолдама алғанмын. Бірақ карантинге байланысты болмай қалды. Бұл менің өмірімді түбегейлі өзреткен ерекше сурет. Бұл күн менің есімде мәңгілік қалатыны сөзсіз ғой. Бұл 2006 жылдың 7 қыркүйегі болатын. Қаладағы Достық үйінің салтанатты ашылуына Президенттің өзі келеді деп жатты. Бәрі дайындық үстінде. Өнерлі өрендер түрлі ұлттың киімін киіп, кездесуге дайындалдық. Тізгінді қолға алған Авдеев мырза барлық түрлі ұлт өкілдерінің белсенді мүшелерінің басын қосқан. «Алтын микрофон» байқауына әзірлік жүріп жатқан болатын. Сөйтіп күткен күн де келіп, Елбасы біз отырған залға кіріп келді. Бәріміз қол шапалақтап, риясыз көңілмен қарсы алдық. Түрлі ұлттың киімдерін кигенбіз. Мен қазақтың ұлттық киімін кидім. Шашымды екі жағыма бұрым етіп өріп, әдемі бантик тағып алғанмын. Өзім ризамын. Елбасы кірген бетте алдыңғы жақта отырған балалардың ортасына отырды. Сахнада ән айтылды. Бір кезде Елбасы жанында отырған Жақанға еңкейіп «Сенің есімің кім, балақай?» деп сұрады. Ал, ол жауап берер емес, екі көзі сахнадағы концертте. Елбасы тағы да қайталап сұрады. Сол уақытта шыдай алмай, арт жақта тұрған мен Елбасының алдына шығып «Жақан, сенің атыңды сұрап жатыр ғой, айтсаңшы» деп айқай салдым. Дәл сол сәтте музыка да тоқтай қалып, менің дауысым бар бөлмеге жаңғырып кетті. Елбасы менің ептілігіме риза болып, рахаттана күліп, алғысын білдірді. Менің қайда оқитынымды, есімімді, қандай өлең айтатынымды сұрады. Қысылмай жауап бергеніме риза болып, ақ тілегін білдірді.
Сөйтсем, Жақан Елбасының алдына шығуға болмайды дегеннен қаймығып, тыныш отырған екен. Сол жолы Елбасы балақайлардың концертін тамашалауға бар болғаны 15 минут бөлуі керек екен. Ал, ол жарты сағаттан астам аялдап, ән тыңдап, көңіл бөлді. Кетерінде біздермен суретке түсіп, алғысын білдірді.
Осы кездесуден кейін ата-анам мені қолдап, одан әрі дамуыма барларын салды. Бұл кездесу бізге дем берді десем де болады. Музыка мектебіне түстім, Түлкібек Рысмағанбетов бастаған ұстаздарым келешегіме үмітпен қарады. Өнер жолында талай белестерді бала кезімнен бағындырдым. Елімізде де, шет елде де жүлделі орындарды алып келіп жүрдім, – деп әңгімелейді Әнел.
 
Астананың құрдасы
Мына қызықты қараңызшы, Әнел елордамыздың төл құрдасы. Бала кезінде оны Қостанайдың атағын аспандатып жүрген талантты бала ретінде Астанаға арнайы шақыртып, «Астананың құрдасы» деген номинация бойынша жүлде де тапсырған. Расында да, Әнел 1998 жылдың 25 маусымында туған. Айтулы мерейтой күні оны Тобыл өңірінің атынан бас қалада өнер көрсету үшін сол кездегі облыс әкімі С.Кулагин арнайы ертіп барады. Сол кезде әнші қыз Елбасымен екінші рет кездеседі. Мемлекет басшысы мінген кортеж тоқтағанда Елбасының алдынан көппен бірге Әнел де шығып, «Нұрсұлтан аға, мен сізге ән айтып берейінші» деп, «Толғау» әнін арнайды.
– Нағыз тосынсый кешке болған еді. 6 шілде күні мерекелік концертте әлемнің мықты әншілерімен қоса мен де ән айттым. Алла Пугачевадан кейін менің есімім аталды. Елбасының сөзіне жазылған «Туған жер» әнін орындап бердім. Халық дүркірете қол соғып, жылы қабылдады. Менен кейін аты аңызға айналған Уитни Хьюстон шықты. Осылайша, Елорда күні менің есімде өшпестей орын алды, – дейді ол.
Әнел 8-сыныпты бітірген соң Алматыға барып, өзі қалаған скрипка саласын одан әрі жетілдіргісі келеді. Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка колледжіне түсуді армандайды. Бірақ бар болғаны екі-ақ грант. Сол екі гранттың бірі біздің қызға бұйырады.
– Ол кезде баламын ғой. Бірақ нақты не керек екенін білдім. Қайтсем де осы мықты өнер ордасында білім алсам деп армандайтынмын. Арманым орындалды. Колледжді сәтті аяқтап, өнер академиясына түстім. Енді, міне, ол жерді де тәмамдап отырмын. Сонау балалық шағымдағы Елбасымен кездесулерім менің өіміріме елеулі өзгеріс әкелді. Шабыт берді. Өзіме деген сенімім артты. Ата-анам қанаттанды. Осы суретке қарап мен бой жеттім. Шыңдалдым. Ал, небәрі он жасымда Президентпен қайтара жүздесіп, ел алдында ән салуым мені шыңдай түсті. Әрине, әлі де арман алға жетелейді. Бірақ Елбасының батасы, ол кісінің маған сенім артқаны өмірімді өзгертті. Осы мерекеде баршаға керемет көңіл күй тілеймін. Өмірде ештеңе де кездейсоқ болмайтынын айта кеткім келеді, – дейді Әнел Қаршығаева.
Бүгінде Алматының өнер академиясын бітіріп, өнер көгінде өсіп, өніп жүрген қаршадай қыздың өмірі Елбасымен тікелей байланысты. Батасын алып, өміріне ақ жол бастады. Келешекте де тек сәттілік тілегіміз келеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓