Әулиекөлге газ келді
Жергілікті билік бүгін әулиекөлдіктерге мерекелік сый жасады. Аудан орталығында көптен күткен газ құбыры іске қосылып, оған облыс әкімінің орынбасары В.Ионенко қатысып, аудан тұрғындарын тарихи сәтпен құттықтады.
– Президентіміздің тапсырмасы негізінде елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, халықтың жағдайын жақсарта түсу мақсатында біздің Қостанай облысында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгін біз көптен күткен жағымды жаңалықтың бірі – Әулиекөл ауданының орталығына газ беріп жатырмыз. Жобаның құны 1,5 млрд теңгеден асады. Газға 3 мыңнан астам абонентті немесе 11 мыңнан астам тұрғынды қосу жоспарлануда. Аудандағы әлеуметтік нысандарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жалпы, ауданды газдандыру жұмыстары жалғаса береді, қазір Чернигов ауылына қосылатын Құсмұрын кентіне газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Диев және Новоселов ауылдарын газ тарту жобалануда. Бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 10 млрд теңге қарастырылған, – дейді В.Ионенко.
Көгілдір отынды беру үшін құрылғыны іске қосқан соң облыс әкімінің орынбасары газ құбырының жұмысын өз көзімен көрмек болып Мамедов көшесіндегі үйге бас сұқты. От жағып, күл шығару машақатынан арыламыз деген шаңырақ иелеренінің де қуанышында шек жоқ.
-Бүгінгі күн біз үшін ең қуанышты әрі тарихи күн. Бұл күнді асыға күткеніміз де рас. Міне, сол арманымыз орындалып, көгілдір отынға қолжеткізіп жатырмыз. Бүкіл халық риза. Сайып келгенде осының бәрі Елбасымыздың, Президентіміздің арқасы. Көптен күткен қуанышты сыйлап жатқан жергілікті билік пен мердігерлерге де айтар алғысымыз шексіз, – дейді аудан тұрғыны Айжан Кеңесбаева.
Ауыл ақсақалы Қадыржан Мұқышев та тұрғындар көп жыл күткен табиғи газды іске қосқаны үшін жергілікті билік өкілдеріне ақжарма алғысын жаудырды.