Ауыл әкімдерін кімдер сайлайды?

Орталық сайлау комиссиясында Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау қалай өтетіні туралы айтылды.
 ОСК мәліметі бойыша, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдар әкімі сайлауын әзірлеу мен өткізу жөнінде негізгі іс-шаралардың үлгілік күнтізбе жоспары бекітілген.
 «Елімізде барлығы 2346 әкім бар. Жаңа нормалар енгізілгеннен кейін олардың бәрі бұрын ұсынылған қолданыстағы өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін тікелей дауыс беру арқылы сайланады. 2021 жылдың соңына дейін 775 әкімді сайлау жоспарланып отыр. Осылайша, халықтың тікелей сайлауы арқылы мемлекетті басқаруға қатысу қағидаты дәйекті түрде іске асырылып жатыр», – деді ОСК басшысының орынбасары Константин Петров отырыс барысында.
Өз кезегінде ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаев ауыл әкімдерін сайлауды өткізу кезіндегі сайлау комиссиясының өкілеттіктерін баяндады.
«Сайлау заңнамасына сәйкес сайлауды аумақтық сайлау комиссиялары кемінде 40 күн бұрын тағайындайды және қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын өткізеді. Әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, сайлау бір ай ішінде тағайындалады және олар тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі. Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейін басталады және сайлау өткізілетін күннен он бес күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады», – деді ол.
    Сонымен қатар, ол кандидаттарды ұсыну жолдарын айтты:
  • Саяси партия мүшелері қатарынан. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы;
  • дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызынан қол жинау арқылы, өзін-өзі ұсыну.
  • аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі, егер ұсыну аяқталатын күні екіден кем кандидат ұсынылса.
    Оның айтуынша, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін ел азаматы жасы 25-тен кем емес, әрекетке қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуы, заңда белгіленген тәртіппен танылған соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау дерегі болмауы тиіс.
   «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының кемінде бір пайызы дауыс беруі тиіс. Сайлаушыларды қолдау олардың қолдарын жинаумен куәландырылады. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжатты алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен 10 күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады, яғни сайлау күніне дейін 10 күн бұрын және сайлау болатын күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат он екіде аяқталады», – деп қосты Ерлан Дауылбаев.
  Оның айтуынша, сайлау қорытындыларын ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде белгілейді.
   Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып сайланды. Ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиялары жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жұмыстарын жасайды.
    Сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.
   Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалар басшысының, сондай-ақ Президент Әкімшілігі мен Үкімет басшылығының қатысуымен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізген болатын.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓