Көп ісінің куәсіміз
Биыл еліміздің Тәуелсіздігін жариялағанына тура отыз жыл толады. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұрғыдан алып қарағанда да көп уақыт емес. Бірақ, осы бір қысқа мерзімге қарамастан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жабуы бүкіл дүниежүзінің назарын өзіне еріксіз аударған болатын. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде мемлекет тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді. Әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құрып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, арандататын пікірлердің ығы мен ырқына жығылмай, әліптің соңын баға сабырмен, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды. Елбасы өзінің қол жеткізсем-ау деген саяси және ұлттық биік мақсаттарын әрдайым есінен шығармаумен бірге, оған жету үшін де жалаң ұран көтеріп, жақсы атақ алуға қызықпады. Қандай мәселеде болсын қолдан келетін нақты мүмкіндіктерді ғана түгел пайдаланып, эволюциялық жолмен тұрақты ілгері жылжи бергенді дұрыс санады. Дамудың қазақстандық жолын іздестірді, өзіндік бағытты таңдады. Сол қазақстандық даму жолынан өзге даму жолдарының ешқайсысын да, тіпті бірде-бірін жоққа шығарған емес, керісінше өзге даму жолдарының қажеттісін алып пайдалана білді. Әсіресе, жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 жылы Н.Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екі ұдай пікір туғызған-ды. Қазақстан Президентінің бұл шешімі мейлінше күтпеген жәйт болды. Ел өтпелі кезеңнің ауыр жағдайларын бастан өткеріп жатты. Экономикалық дағдарыс та жан-жақтан қыспаққа алып тұрды. Дәл сол бір қиын-қыстау кездері астананы көшіру жөніндегі Елбасының бұл бастамасын батылдық пен батырлық демеске және де амалың жоқ. Тіпті, дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезеңінде бір де бір мемлекет басшысы мұндай түбегейлі батыл қадамға барған да емес.
Жаңа астананың салынуы және көшірілуі рекордтық аса қысқа мерзімде өтті. Бұл қадам дағдарыс кезеңінде қазақстандықтардың әлеуметтік оптимизміне қолдау жасау үшін өте маңызды еді. Бас шаһар елдің өткенінен болашаққа, жаңа дәуірге ауысуының нышандық оқиғасына айналды. Жас елдің мүмкіндіктері әлемге паш етілді. Елорда саяси және экономикалық қана емес, сонымен бірге Назарбаевтың жеке, адами жобасына да, ұлттық тарихтың жаңа келбетіне де айналды. Қысқасы, Арқа төсінде ару қала Елбасының қолынан шыққан туынды. Өйткені, жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның жаңа астанасының салынуын еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасының қазақ мемлекеттілігін өркенді дамытып, бүкіл әлемге таныту жолындағы дәуірлік ерлігі деп айтуға да толық негіз бар. Елбасымыз еңселеткен Елорда болғандықтан оған басқаша баға беру де мүмкін емес.
Рашид МҰХАМБЕТЖАНОВ,
спорт ардагері, жаттықтырушы.