Сайлауға сақадай-сай
25 маусымнан ауылдар мен селолық округтер әкімдерін тікелей сайлауға әзірлік науқаны басталды. 9 шілде күні саяси додаға үміткерлерді ұсыну шарасы аяқталған болатын Өңірімізден барлығы 160 кандидат өтінім берді, олардың 65-і саяси партиялар атынан болса, 95-і өздерін ұсынғандар.
– 14 шілде күні 18.00-де ауылдар мен селолық округтер әкімдерін тікелей сайлауға тіркеу науқаны аяқталып отыр. Өздерін ұсынған үміткерлер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдарына бір реткі ең төменгі жалақы мөлшерінде жарналарын төледі. Ал партия атынан сайлауға түсетіндер өз қаражаттары есебінен жарна төлеп отыр, – дейді облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Әсия Дуанбаева өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте.
Аудандық (қалалық) сайлау комиссияларына құжаттар түскен күннен бастап ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдары үміткерлерді арнайы тексерістен өткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет істері уәкілетті органы барлық кандидаттар квалификалық талаптарына тексеру жүргізді.
2021 жылдың 14 шілде күнгі 18.00 сағаттағы жағдай бойынша 147 үміткер тіркелді, олардың 59-ы саяси партиялар атынан, 88-і өздерін ұсынғандар.