Балуандарымызға сәттілік серік болмады
Бүгін бүкіл қазақ даласы елордада ұлттық күрестен Астана қаласында өткен "Қазақстан барысы" бәсекесіне көз тікті. "Сарыарқа" велотрегі кілем төсеген білектілер сынына елдің әр түкпірінен барлығы 34 балуан жиналды. Осымен алтыншы жыл ұйымдастырылған жасырқа Қостанай жұрты да қос үмітін үкілеп жіберген еді…
Салмақтары 90 келіден әрі асатын кілең апайтөс пен бурасанның арасынан қостанайлықтар – Ерлан Омаров пен Абылайхан Қасымханов кезектесе кілем үстіне көтерілгенде демімізді ішке тарттық. Тірескендерінің талайына тегеурін көрсетер деп дәме бақтық. Әйткенмен, күдер көпке шыдас берген жоқ. Екі жерлесіміз де "соқыр жеребе" бұйрығымен А тобына ілігіп, жарыстың өңкей "фавориті" саналатын азулылармен жұптасты.
Айталық, жарыстың дебютанты Абылай бауырымыз ә дегеннен-ақ тәжірибелі күрескіш, жамбылдық Дәулетхан Жақыповпен белдесіп, айласын асыра алмады. Соңғы үмітіміз Ерлан Омаров алғашқы кездесуін екі бүк ұпайы айырмасымен сәтті аяқтап, бір желпінтіп тастап еді. Дегенмен келесі қарсыласы хабарланғаннан-ақ көңілді қауіп торлай жөнелді. Алматылық Ұлан Рысқұл. 2011 жылғы "Қазақстан барысы". Салмағы біздің Ерланнан 30 келідей ауыр. Тәжірибесі де мығым. Сөйтсе де, жерлесіміз танымал балуанға айтарлықтай қарсылық таныта алды. Күші басым Ұлан Ерланның қапысын таба алған жоқ. Бір кейіткені – төрешілер ескерту ұпайларын тек біздің жақтан суырып ала берді. "Әттеген-ай" қалды іште… Не керек, өңкей ескерту есебімен жинаған ұпаймен басым болып, алматылық 5 минутты жеңіспен аяқтады… Осылайша, биыл да жарыстың финалына жақындай алмай қайттық.
Жалпы, жарыс қорытындысы бойынша, "Қазақстан барысы" атағын осымен үшінші рет жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев жеңіп алды.