Жаңа кітап жарыққа шықты
Аманкелді аудандық Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінде орталық кітапхананың ұйымдастыруымен туған жердің төл перзенттерінің бірі бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын журналист-жазушы, аудармашы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әбішева Дина Ғиссақызымен кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кешке арнайы Дина Ғиссақызының сыныптастары, замандастары, ұстаздары мен жақындары келіп, игі тілектерін айтып, құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Кездесу кешінде биылғы жылы баспадан шыққан «Қайсар қыз» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Кітапта әр жылдарда баспасөз беттерінде жарық көрген әңгімелері, көркем аудармалары және повесі жарияланған. Дина Ғиссақызының ұстазы болған, бүгінде кітапхананың тұрақты оқырманы Ағыбай Әбдікәрімұлы мен Жібек Сәбитқызы кітаптың тұсауын кесті.
Аманкелді ауданында педагогтер отбасында дүниеге келген Дина Ғиссақызы еңбек жолын қалалық, облыстық газеттерде тілшіліктен бастаған. Әр жылдарда «Фолиант», «Ақарман» баспаларында редактор, «Сарыарқа» баспасында бас редактор, «Астана» журналында әдеби қызметкер, «Әлем әдебиеті» журналында проза және публицистика бөлімінің меңгерушісі, «Сто лиц столицы» журналы бас редакторының орынбасары, сондай-ақ, «Жазира» журналы бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған.
«Тағдыр тауқыметі», «Өмір шоқтығы» естелік-кітаптарының авторы, Көркем аударма саласында біраз тер төккен қаламгердің «Севанның асау толқыны»
жинағына армиян әдебиетінен көркем аудармалары енген.
Мәдениет үйінің әншісі Әйгерім Мұханбетжанова әдемі әнін жолдап, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кітап авторы орталық кітапханаға тұсауы кесілген жаңа кітаптың 25 данасын сыйға тарту етті. Бұл кітап орталық кітапхана мен филиалдарға таратылатын болады.
Кеш соңында қонақтар естелік суреттерге түсіп, жақсы ниетпен тарқасты.
Г.Қалмағанбетова,
Аудандық орталық кітапхана қызметкері.