Нағыз науқан
"Бірге – таза Қазақстан" жалпыреспубликалық экологиялық тазалық акциясына арқалықтықтар да бір кісідей атсалысуда. Науқанға қаладағы мемлекеттік, коммуналдық мекемелер, кәсіпорындар – барлығы жүзге тарта ұжымнан 1300 -ден астам адам қатысты. Қала тазалығы үшін ертелетіп сенбілік шарасына жиылғандарға қала әкімі Әмірхан Асанов ризашылығын білдіріп, істеріне сәттілік тіледі. Қолдарына күрек-тырма ұстаған ұжым өкілдері қаланың кіріс-шығыс жолдарының бойын, теміржол жиектерін тазалап, орталық демалыс саябағының ішін де қалыпқа келтірді. Жиылған күл-қоқыс, қалдық-қырқындыларды арнайы техника тиеп әкетті. Қала басшысы жұмыс барысын бақылап қана қоймай, тазалық шараларына өзі де қатысты. Барлығын осындай экологиялық акцияларға тұрақты үн қосуға шақырды.
Мұрат Жүнісұлы