Сақтансаң, сақтайды
Қостанай өңірінде екпе егу жұмысына ерекше ден қойылған. Коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталғалы үш айдан асты. Бүгінгі күні облыс бойынша 85 мыңнан астам адам вакцина алды. Екпе егуді жүргізу курсы бойынша 426 медицина қызметкері арнайы курстан өтіпті. Облысқа "Спутник V" және "QazVac" вакцинасынан бөлек "Hayat-Vax" екпесінің 53 мың дозасы жеткізілді. Қазір Covid-19-ға қарсы вакциналау белсенді жүргізіліп жатыр. Өйткені, облыс тұрғындары екпе қабылдау індет жұқтыру тәуекелдігін біршама азайтатындығына сенімді. Өңірде екпенің бастапқы және қайталама кезеңдеріне арналған кабинеттер жұмыс істейтін 31 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Медициналық ұйымдарда үлкен ұжымдарға арналған көшпелі вакциналау бригадалары қарастырыл-ған. Вакцинаны 93 стационарлық және жылжымалы егу пункттері жүргізеді. Олардың санын 150-ге дейін көбейтуге мүмкіндік бар дейді мамандар.
Дәрігерлердің пікірінше, коронавирусты жеңу үшін ұжымдық иммунитет керек. Ол үшін халықтың жартысынан астамы вирусқа қарсы екпе алуы тиіс. Қостанайдағы емханаларға өз еркімен келіп, екпе алып жатқандар көбейген. Алғаш вакциналаудан өткендердің ешқайсынан қандайда бір теріс әсер байқалмапты. Енді олар екпенің екінші компонентін қабылдап жатыр. Екінші мәрте екпе салдырып жатқандардың бірі – Жаңабай Хамитбеков. Ол қызметтік көлік жүргізушісі. Айтуынша, өзі жұмыс істейтін мекеме қызметкерлерінің басым бөлігі вакциналаудан өткен. "Екпеден кейін бастапқыда дене қызуы байқалғанымен, кейін қалпына келді. Вакцина салдырдым, қорқатын түгі жоқ. Ешкім мені міндеттеген емес. Қазір әр жерде осындай ауру толып жатқан соң салу керек", – дейді көлік жүргізушісі.
Екпе салу үшін емханалардан басқа адам көп жиналатын орындарда – "Kostanay Рlaza" сауда-көңіл көтеру орталығында, "City Kostanai" бизнес-орталығында, "Астықжан" супермаркетінде сондай-ақ, Рудный қаласындағы "Орталық әмбебап дүкені" сауда орталығында жеке егу кабинеттері ашылды. Біз Қостанайдағы бірнеше стационарлық және жылжымалы егу пункттерін аралап шықтық. Мәселен, "Қостанай-сити" бизнес орталығында орналасқан егу пунктінде екі айдың ішінде 1200 адам екпе салдырған. Пункт күнде таңертеңгі 08.00-ден кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істейді. Дәрігер-фельдшер Елена Киренконың айтуынша, мұнда күніне кемі он шақты адам келіп, ерікті түрде вакцина салдыратын көрінеді.
– Адамдар келіп жатыр. Тіпті, алдын ала жазылғандар да бар. Барлығының ынтасы зор. Өйткені, коронавирусты жеңу үшін ең алдымен ұжымдық иммунитет қажет. Ол үшін 50-60% астам халық вакцина алу қажет, – дейді дәрігер.
Ал, №4-ші емханада ақпан айынан бері 7000-нан астам адам екпе қабылдаған. №3-ші емхана бүгінгі күнге дейін 13000 адамға вакцина салған. "Қостанай-плаза" ойын-сауық кешенінде орналасқан осы емханаға қарасты жылжымалы пунктіне күніне 100 адам келіп екпе алған көрінеді. "Менің жасым жиырмада. Мен індеттен сақтану үшін ерікті түрде екпе алдырдым. Мұны мен дұрыс қадам деп ойлаймын. Халық екпені неғұрлым көбірек алса, соғұрлым індеттің беті қайтуы тиіс деп есептеймін", – дейді Дарья Берестова.
Вакцинаның сақталуын қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдарында шамамен 173 мың дозаны бір мезгілде сақтай алатын 104 дана мұздатқыш жабдығы бар. Дәрігерлер екпелерді зерттеу барасында оң нәтижеге көз жеткізген. Одан кейін індетті қайтадан жұқтыру жағдайлары тіркелмеген. "Екпе салуға болатын санаттағы тұлғалардың тізімі де кеңейтілді. Жаңа қаулыға сәйкес, енді 65-жастан асқан егде кісілер де екпе салдыру мүмкіндігіне ие. "Спутник-V" вакцинасы адам ағзасына енгі-зілгеннен кейін екі жылға дейін жарамды. Осы уақытқа дейін екпе қабылдағандардың денсаулығына қатысты ешқандай жағымсыз жағдай тіркелмеген. Ал дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, екпе салынған орынның ісуі – қалыпты реакция", – дейді жалпы практикадағы дәрігер Мәди Талғатбеков.
Әрине, екпе салдыру әркім-нің өз еркінде. Дегенмен, дүние-жүзін жайлаған жаман дерттен сақтанбасқа болмайды. Оның ең төте жолы – вакцина.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.