Ұлт ұстазына тағзым

Қазақ даласындағы ағартушылық саласы мен ұлттық мектептердің қалыптасу тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың бірегейі – Ыбырай Алтынсарин. Оның білім беру мен тәрбие бағытында атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Дала қоңырауының мерейтойына орай еліміздегі көрнекті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының еңбек сіңірген қоғам қайраткерлері ағартушының туған жеріне тағзым етуге келді.
Делегация Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа ат басын бұрып, облыстағы білім беру қызметінің өкілдерімен пікірлесті. Бұл басқосуға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова және зиялы қауым қатысты. Дөңгелек үстелге жиналғандар «Ұлы педагог Ы.Алтынсариннің мұрасы мен оның қазақстандық білім берудегі рөлі» деген тақырып аясында пікір алмасты. Ы.Алтынсариннің ескерткішін Алматы және Нұр-сұлтан қалаларына да қою керек деген ұсыныстар айтылды.
– Бұл экспедицияның негізгі мақсаты Ұлт ұстазы атанған Ыбырай Алтынсарин атамыздың жолымен жүре отырып, республиканың ұстаздарына Ыбырайдың үлгісін, Ыбырай жолын таныту. Бала оқытуда, тәрбиелеуде, оның білімін арттыруда Ыбырай әдісі мен тәжірибесін басшылыққа ала отырып, осы жолды насихаттауға пәрмен беруді қолға алдық. А.Байтұрсынов принциптері мен әдістерінің негізінде әзірленген «Әліппе» оқулығы биылғы 1-сыныпқа кіргелі отыр. Бұл қадам ұлттық құндылықтарымыздың қайта жандануының үлкен бір белесі іспеттес. Егер де оқулықтар Байтұрсынов үлгісімен жазылып жатса, ұстаздарымыздың ұрпаққа тәрбие беруі Алтынсариннің әдіс-тәсілімен қолға алынып жатса біздің ұлттық білім жүйесінің әлемдік брендке айналуына септігін тигізері сөзсіз. Сіздің өңірдің ұстаздарына біз қызғана да, қызыға қараймыз. Өйткені, осындай ұлы адамдардың кіндік қаны тамған жерде өмір сүріп, ұстаздық етіп, балаға тәрбие беру дегеніміз – бақыттың ұлы шыңы, – деді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев.
Жүздесуден кейін делегация Ы.Алтынсарин ескерткішіне барып гүл шоқтарын қойды.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

1 Response

  1. Gulzhan Zh. айтты:

    Ұстазын ұлағаттай білетін ұрпақ тәрбиелеудің жақсы бір көрінісі екен…

    Қазақ даласында өнер, білімді паш еткен Ыбырайдай басқа да ұстаздар болғанын тарих қойнауынан аршып ала білсек, нұр үстіне нұр болар еді …

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓