Ы.Алтынсаринге арналған топтама

altynsari-175
 
 
 
Даланың дара ұстазы
Ы.Алтынсарин – қазақтың біртуар азаматтарының бірі. Ұлы педагог, ағартушы,   балалар әдебиетінің атасы, қазақ халқының дара ұстазы Ы.Алтынсарин 1841 жылдың 20 қазанында дүниеге келді. Биылғы жылы ұлы бабамыз 175 жасқа толып отыр. Педагогтың мерейлі мерейтойын Қазақстан бойынша атап өтуде. Осы мерейлі тойдан Ы.Алтынсарин атындағы Обаған орта мектебі де тысқары қалмады. Аудан мектептері  мұғалімдеріне арналған ашық, коучинг сабақтары өтті, оқушылар арасында Ыбырай оқулары, Ыбырай әңгімелерінен сахналық көрініс, көрме ұйымдастырылды. Елімізге есімдері танымал ақын-жазушылар Серікбай Оспанов, Нағашыбай Мұқатов, Қуаныш Орманов сынды ағаларымыз шақырылып, оқушылар және ұстаздардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Бұл аталған іс-шаралармен жұмыс тоқталған жоқ. Атамыздың  туған күні қарсаңында Щербаков орта мектебіндегі мұражайына, Щербаков ауылындағы ескерткішіне, Ыбырай құдығына және кесенесіне барып тағзым жасадық. Мектеп оқушыларына арналып семинар өтті.
IMG_4830
Өз заманының беделді адамы, тұңғыш педагог Ы.Алтынсарин қазақ елі үшін өшпес мұра қалдырды. Атасы Балғожа биден тағылымы мол, терең тәрбие алған Ыбырай жан жүрегімен баланы жақсы көре білген. Өнер-білімнің қандай жолға апаратынын, қандай мақсатқа жетелейтінін сол кезде түсінген дара ұстаздың қазақ балалары үшін ашқан әрбір мектебі балаларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, тәрбиені де қоса бере білген. Қазақ қыздарына қамқорлық танытып, қыз балалар оқитын мектеп-интернатын да салғызды. Қазақ хрестоматиясы оқулығы қазақ балалары үшін таптырмас білім көзі, нәрі болды. Өлеңдері мен әңгімелері тәлім-тәрбиеге толы. Бұл шығармалардың әрқайсысы татулыққа, бірлікке, ынтымаққа, білімге, оқуға, қайырымдылыққа, адамгершілікке шақырады. Жазған әр әңгімесінде терең ой бар.  Қазақтың жанашыры, елім, ұлтым деп соққан жүрегі қазақ балаларының ешкімнен кем болмауын, қазақ елінің басқа елдермен терезесі тең мемлекет болуын аңсаған.  Арада қаншама жыл өтсе де Ы.Алтынсариннің аты мәңгіге, әр қазақтың жүрегінде қалуы тиіс деп ойлаймын.  Ыбырай Алтынсариннің аруағы алдында қарыздармыз, өйткені ол бізді оқуға шақырып, қазақ балалары үшін мектеп ашып, бізді біріктіріп, қараң-ғылықтың не екенін біліп, күн сәулесіне көз ашып, білімнің не екенін түсіндірді, білімнің маңыздылығы мен қажеттілігін көрсетті.
Қазіргі таңда Ы.Алтынсариннің есімі берілген мектептер, жоғарғы оқу орындары, көше, аудан, ауылдар өте көп. Бұл бабамызға деген үлкен құрмет деп білемін.
А. ИБРАЕВА,
Ы. Алтынсарин атындағы Обаған орта мектебінің директоры.
Алтынсарин ауданы.
"Кел, балалар, оқылық!"
өлеңінің  өміршеңдігі
Эссе
Мен де бір Аллаға сыйынып, атамның өлеңдерін оқып келемін.  "Кел, балалар, оқылық!" өлеңін бала-бақшадан естіп, балбөбек кезімнен жаттап келе жатқан сүйікті өлеңім.
Ұстаз атамыздың қазақтың қара домалақтарын оқу-білімге шақыру үшін шығарған өлеңі. Қаладан қарапайым ауылға келген жас ұстаз еді. Оқуға тарту үшін ат арбамен ауыл аралап, он төрт баланы жинап, қыстың қақаған аязына қарамай мектеп ашып, оқуға тартқан жоқ па?
Кеше ғана бастауышпен қош айтысып, бүгінде бесінші сыныпта оқимын. Бастауышта алғаш сабақ берген Алтын, Гулгаш апайларға алғысым шексіз, оларға күнде айта беретін шағымды орта буынға өткенде азайтады екенсің. Аты да, заты да таныс емес пәндер қосылды. Ыбырай атамыздың "Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық" деген өлең жолдары мен айтқан мысалдармен сабақтасып жатқандай… Бастауыштағы сабақ берген апайларымды айтқан себебім, "Кел, балалар, оқылық" деп  олар да  Ыбырай атамыздың ізімен көше бойы үйлерді аралап, ұстаздық жолын ұстанып, алпыс шақты баланы оқуға шақырды.
кел балалар окылык
Сабақтарда "Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған" деп Ыбырай атамыздың тағылымы мол әңгімелерін ұстазымыз айтып,  бізді  білімге, еңбекке үндеп, сабамызға түсірген кездері де болды.
"Надандықтың белгісі – Еш  ақылға жарымас, Жайылып жүрген айуандай, Ақ, қараны танымас. Аяңшыл ат арымас, Білім деген қарымас", – деп  Ыбырай атамыз қазіргі ХХІ ғасырда бізге "білім алып, білікті маман, еліңнің нағыз азаматы бол, өнер-білім қумасаң, ақ-қараны ажырата алмай қаласың, надан боласың" дегендей. Оқи түссеңіз Ыбырай атамыздың өлеңі қазіргі уақытпен үндесіп тұрғандай.  Ұлы ұстаз атамыздың басқа да өлеңдері өміршең. Ақ қағаз бетіне бәрін сыйдырып жаза да алмайсың. Алдағы уақытта әр өлеңін зерттегім келеді. Енді мына өлең жолымен эссемді тәмәмдасам деймін. "Жөн білмеген наданға, Қыдыр ата дарымас". Осы жолдарына үңілсек, "оқушылар оқымасаңдар, ізденбесеңдер, жаратушы иеміз, ата-бабамыздың рухы риза болмайды" деп тұрғандай. Ендеше, Ыбырай атам өз қолымен қалаған мектептің шәкірті  болғандықтан, өлеңдерін мәнерлеп оқып, жаттап қана қоймай мазмұнына зер салып отыруды міндетім деп санаймын.
Жамбыл НҰРАЛЫ,
Ы.Алтынсарин орта мектебінің оқушысы.
Жанкелдин ауданы.
IMG_6486
Сахнада – Ыбырай әңгімелері
"Өнер-білім бар жұрттар"  деп өнер мен білімнің шыңын бағындыруды мақсат тұтқан тұңғыш педагогымыз Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығына орай аудандық орталық балалар кітапханасы "Ұлы тұлға – Ы. Алтынсарин" атты әдеби-сазды қойылым өткізді.  Іс-шараға ауданымыздың Ы Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің 2-сынып оқушылары  және сынып жетекшісі Гүлмира Кеңесқызы атсалысты.
 
Ұлылар ұлағатын  үлгі еткен білікті ұстаздар мен білімді жастар Ыбырай әлемін асқақтатып, шығармаларын талдап, өлеңдерін оқыды. Кітапхана мамандары оқушылармен бірлесіп жас оқырмандарға әңгіме жанрының ерекшелігін айта отырып, Ы.Алтынсарин әңгімелерінің тақырыптарын, идеясын, қоғамдық мәнін түсіндіру, мазмұны, шынайы өмірден алынғандығына назар аударту, әңгіме кейіпкерлерінің мінез-құлықтарын, іс-әрекеттерін талдау арқылы адамгершілікке, адалдыққа, мейірімділікке, қамқорлыққа шақыру, тарту мақсатында  Ұлы ұстаздың  "Жан-жануарлардың таласуы", "Малды пайдаға жарату" атты әңгімелерінен қойылым қойды. Оқушылар өздерінің кейіпкерлерін бар ынтасымен ойнады. Міне, осындай тәрбиелік мәні бар шарамыз арқылы оқушыларды әр істі ойланып ақылмен жасауға, кішіге қамқор болуға, ата-анасын сыйлап құрмет тұтуға, еңбекқор болуға шақырары сөзсіз. Ал, тұңғыш ұлт  ұстазының әдебиет әлемімен  енді  танысқан оқырмандар  Алтынсариннің таза да мөлдір, кәусар бұлағынан  рухани күш-жігер алып тарқасты. 
IMG_4336
  Ыбырай атамыздың әңгімелер әлеміне саяхат жасаған жас көрермендер мен қатысушыларымыз зор қызығушылықпен тыңдап, өздерінің пікірлерімен бөлісті. Оқушылар өздері дайындаған ән-билерін ұсынды. Кеш соңыңда кітапхана директоры  Рая Әлмағамбетова сөз сөйлеп, мектеп оқушыларына және ұстаздарға алғысын білдірді. Қойылымға  қатысқан оқушыларға сыйлыққа кітаптарды тарту етті.
Зарина МҰСАБАЕВА,
аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі.
Аманкелді ауданы.
Уақытпен үндескен тұлға
Қарап отырсаңыз, әр тарихи кезең не болмаса әлеуметтік құбылыстар өзінің дарынды ұлдарын жарыққа шығаратынын аңғарған боларсыздар. Алаштың ардақты  ұлдарын алайық, Ахмет, Міржақып,  одан  бері Сәкен, Бейімбет, Ілияс үш арыс ше?  Қай-қайсысын алмайық, әрқайсысы да өз уақытының, заманының тұлғасы. Олардың өшпес мұрасы, тағылымы  жаңарып, жетіліп, жаңа қырынан баға беріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жал-ғасып, елдің тарихи, мәдени өміріне елеулі ықпалын тигізіп келеді. Халқымыздың сондай алып тұлғаларының бірі, ағартушы-педагог – Ыбырай Алтынсарин. Ол жаңашыл ағартушы ғана емес, халқымыздың  інжудей асыл жырлары мен  тәрбиеге толы аңыз әңгімелерін жете білген, соның барлығы түптеп келгенде әңгімелеріне негіз болды деп айтуға болады. Ыбырай Алтынсарин атамыз қазақтың қара домалақтарын білім алуға шақырып, заманадан кенже қалмауын, ұлт келешегін ойлап мектептер ашты.
20161115_103825цв
Өзі ашқан мектептерде ана тілінің таза оқытылуына көңіл бөліп, тілашар ретінде халықтың ауыз әдебиетін пайдаланып, ұрпақ тәрбиесіне арналған әдеби шығармалар жазды.  Оның әрбір әңгімесі  жас өркендерімізді тәрбиелі, еңбекқор, өнегелі болуға үндейді. Сол кездегі жазған әңгімелері бүгінгі күні де маңызды. Ы.Алтынсариннің бұл  тәрбие-лік идеясы қазіргі кезде де ауадай қажет екендігі белгілі.
Оның мазмұнды да мағыналы әсем лирикалық өлеңдері, қысқа да әсерлі әңгімелері қазақ әдебиетінің тарихында өшпес орын алады. Ыбырайдың әдеби ең-бектерінің жинағы "Қазақ хрестоматиясы" (1879) ағартушылық мақсатта жазған әйгілі екі өлеңімен ашылды. Ақын бұл өлеңдерді өз кезінде "Сөз басы" деген атпен алған. Қазір бұл өлеңдер "Кел, балалар, оқылық", "Өнер-білім бар жұрттар" деген атаулармен мәлім. Ол халық ағарту ісіне арнаған әдеби туындыларында оқу-білімді насихаттаудың ұтымды әдісінің қажеттігін көрсетті. Оқу-білімнен кенже тұрған халық үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттай алатын қысқа көлемдегі поэтикалық шығармалардың айрықша ұтымды екенін терең сезінді. Қазақ жастарын білім алуға, мәдениеттің жаңа дәстүрлерін игеруге, бойға сіңіруге шақырды. Ы.Алтынсарин сол кездің өзінде де оқытуды түрлі әдіс-тәсілдер арқылы игертіп, тілді үйренудің де өзекті мәселе екендігіне ерекше мән берген.
IMG_8390
"Өнер-білім бар жұрттар" өлеңінде сол тұстағы ғылым мен техниканың ең басты жаңалықтары толық қамтылып, өнер мен білімге қолы жеткен халықтың экономикалық жағынан озықтығын әр салада көрсетеді ("Сарай салғызды", "Айшылық алыс жер", "Көзіңді ашып жұмғанша", "Құстай ұшу", "Балықтай жүзу", " Өнер – жігіт көркі", "Сіздерге бердім батамды" т.б.). Бұл өлеңнен біз қазіргі ақпараттандыру әлемін,  техниканың шарықтаған шағын, "жылдам хабар алғызған" желілік байланысты көріп отырмыз. Ыбырай Алтынсариннің бірқатар өлеңдері әлеуметтік мәселелерге арналған. Бұған "Өсиет өлеңдер", "Әй жігіттер" тәрізді өлеңдерін атауға болады. Мұндай өлеңдері биік адамгершілік тұрғысынан ұрлық-қарлықты, астамсу, әділетсіздікті сынап, ескі салттардың зияндығын көрсетіп, адал еңбектің, адамгершілік мінез-құлықтың артықшылықтарын бейнелейді.  Ұлағатты ұстаздың өз дәуірінде білім беру саласындағы жаңалығы сол,  мұғалімдер  балаларды оқытқанда оларға түсінікті нәрселерді үйретуден бастау керек,  жеңілден күрделіге қарай оқыту жүйесі сол секілді жас ерекшеліктері мен қабілеттері ескерілуі керектігі жайлы айтқаны бүгінгі күні де өзекті.
25214-6-175-letie_ybyraya_alty_ru
Сондықтан да "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы" акционерлік қоғамының филиалы Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты да ағартушы-педагог Ы.Алтынсариннің туғанына 175 жасқа толуын  атап өтуді назардан тыс қалдырған жоқ. Өңір мұғалімдеріне институтта ұйымдастырылған курс сабақтарында, оқыту семинарларында Ы.Алтынсариннің педагогикалық көзқарастары, білім мазмұнындағы пәндік тәсіл принциптері, еңбек пен рухани тәрбие (Ыбырай әңгімелері бойынша), Алтынсариннің әдеби мұрасындағы оқыту мен тәрбиенің дидактикалық қағидалары секілді мәселелер қамтылып дәрістер оқылды. Практикалық жұмыстар ұйымдастырылды. Сонымен бірге облысымыздағы Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық мұражайымен бірлесіп "Ы. Алтынсарин – педагог, ағартушы" көрме мен оқулары өтті. Ұстаздарымыз Ыбырайтанушы ғалым ағаларымызбен кездесті.  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы  Ұлы ұстаздың  туғанына 175 жыл толуына байланысты халықаралық конференция өткізген-ді. Осы үлкен жиынның мақсаты – Ы.Алтынсариннің педагогтік мұрасын зерделеу бойынша тәжірибе алмасу, оның идеяларын қазіргі білім беру жүйесінде жүзеге асыру. 
Іс - шарадан көрініс
Қорыта келгенде, Ыбырай Алтынсарин – ағартушы-педагог, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың, тіл тазалығы үшін күрескендердің бірі. Көрнекті әдебиетші ғалым Қ.Жұмалиев өзінің "ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті" деген ғылыми-зерттеу еңбегінде "ХІХ ғасырда қазақ даласынан шығып, орыс, Еуропа мәдение-тіне қолы жеткен оқымысты, халық ағартушысы дәрежесіне көтерілген әрі педагог, әрі ақын-жазушы Ыбырай Алтынсариннің өз халқының келешегі үшін істеген еңбегі зор", – деп баға береді.
Ж.КӨПЖАСАРОВА.
 
Ұлт болашағының бағыты
 
Қазақ халқының  тарихында аса көрнекті орын алған  тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол әсіресе қазақтың ағартушылық  тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із  қалдырды. Оған 1860 жылы Орынбор бекінісінде Торғай қазақ  балалары үшін мектеп ашу  тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі  болып  белгіленеді. Ыбырай атамыздың өзінің бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтік  қызметі осылай басталды. Ол тікелей  өзінің  араласуымен халықтан жинаған  қаржыға мектеп үйін және интернат салдырды. Ыбырай оқу-ағарту  жұмыстарын одан әрі жандандырып Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде  бір-бірден екі  кластық орыс-қазақ мектептерін ашады. Оларды оқу-құралдармен жабдықтайды.  Әсіресе, қазақ халқының көшпелі өмір  салтын ескеріп, Ресейдің  халық ағарту  жүйе-сіне жаңа  үлгідегі  білім беру тәсілін ұсынады. 1888 жылы 10 сәуірде Омбыда бастауыш мектептер үшін қазақ  жастарынан  оқытушылар  даярлайтын  мұғалімдер  мектебі ашылады. Ыбырай Алтынсарин мұнан кейін қазақ жастары  арасынан экономика,  ауыл  шаруашылығы, қолөнер  салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды.
Оқушылардың Ы
Тіпті,  Қостанайдан  ашылатын ауыл шаруашылық  училищесіне өзінің иелігіндегі жерін  беретіні  туралы  өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының  тарихи мән-маңызы зор болды.   "Қазақ хрестоматиясы" атты оқулық,  "Қазақтарға орыс тілін  үйретудің бастауыш құралы" атты  дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы жастарды отансүйгіштікке, еңбекке, адамгершілікке тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын  жоймасы анық. Тек қана оқу-ағарту  жұмыстары емес, ұстаз сонымен бірге сол кездегі қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазған. 
Ыбырай Алтынсарин өзі аш-қан мектептерде ана тілінің таза  оқытылуына көңіл бөліп, тілашар ретінде халықтың ауыз  әдебие-тін пайдаланып, өзі де  ұрпақ  тәрбиесіне арналған  әдеби шығармалар жазды. Сол әдеби шығармалары  арқылы өз заманының  өзекті мәселелерін  көтеруге күш салды. Ыбырай мектеп ашу ісімен ғана шектеліп қалмады. Ол сол  мектептердегі тәлім-тәрбие, оқу жұмысына  айрықша мән берді. Оқу-тәрбие ісін жаңа  бағытта  ұйымдастырды. Бұл ретте ол  мұғалімнің атқаратын рөлін жоғары  бағалады. "Халық  мектептері үшін ең керектісі – мұғалім,–деп жазды ол. – Тамаша жақсы  педагогика  құ-ралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілетін  инспектор  бақылауы да мұғалімге тең келе  алмайды". Ыбырай туған  халқын ерекше сүйді, оның  болашағына зор сеніммен қарады. Сондықтан халық ағарту ісін айрықша  шабытпен жүргізді.
IMG_8319
Елдігіміздің кепілі, мемлекетіміздің қауіп-сіздігі,  мемлекеттік тілдің бағы   жануы, қоғамда ұлтаралық  сый-ластық, ынтымақ пен  бірлік  сақталуының алғышарттарының  бірі – қазақ  мектебінің қуатты болуы екендігі дау  тудырмас ақиқат.   Сондықтан  мыңдаған жылдар бойы тірнектеп жиған  халықтың рухани мол  мұрасы әлемдік озық үлгілермен астасып, бүкіл оқу-тәрбие беру  қызметіне  негіз  бо-луын ойластыру қажет. Қазіргі  заманымыздың талабы осы.
Шолпан  ОРЫНБАЕВА.
Лисаков қаласы.

Материал «Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы» ММ тапсырысымен дайындалды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓