Жарамсыз ақшаны жаратудың жолдары
Кей кездері қалтамызда ұлттық валютаның тозып қалған банкноталары болып қалады, сондай ақшамен сауда жасағың келгенде кассирлер тозған ақшаны қабылдамайтын жағдайлар да кездесіп жатады. Сондай жағдайда не істеу керек, кімдікі дұрыс, ал жалған банкнота қолымызға түсіп қалса қайда барамыз деген сұрақтарды Ұлттық Банкінің Қостанай филиалына жолдаған едік.
– Тозған ақшаны айырбастау үшін қайда бару керек? Тозған немесе бүлінген банкноталарды қалай және қай жерде айырбастауға болады?
– Бүлінген (тозған) банкнотаны айырбастау мәселесі бойынша кез келген банктің, Қазпочтаның және Ұлттық Банк филиалының кассалық бөліміне баруға болады. 70% көлемі сақталған банкнотаны айырбастауға болады, дегенмен банкнотадағы номиналдың жазбаша немесе цифрлық белгілері сақталған болу керек. Ластанған, тозығы жеткен, шамалы жыртылған, бұрыштары қалмаған, майдың немесе бояудың дақтары қалған, өшірілген, тесілген және бөгде жазбалар жазылған кез келген номиналды банкноталар еш қиындықсыз айырбасталуы тиіс. Банктер сондай-ақ, түсі өзгерген ақша белгілерін де айырбастап беруге міндетті. Сонымен қатар, жазбаша және цифрлық белгілері сақталған, бірақ майыс-қан, жаншылған, кетік, тесілген, сынған монеталарды да айырбастауға болады.
Дау туығызатын ерекше жағдайларда Ұлттық Банкінің филиалына барып, тегін сараптама жүргізуге де болады, сараптама уақыты 5 жұмыс күн ішінде жүргізіледі. Күмәнді банкноттар мен монеталар Ұлттық Банк белгілеген банкнот көлемдерінің 50%-ынан астамын сақтаған, бүлінген, банкноттардың түпнұсқалығын айқындауды қиындататын банкноттар және бүлінген, монеталардың түпнұсқалығын айқындауды қиындататын монеталар болып табылады.
Бизнес субъектілеріне банкноталарды қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, алғашқы ретте – ескерту, қайталанған жағдайда – 5-тен бастап 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, ал банктер мен Қазпошта үшін – 50 АЕК айыппұл төлеу.
– Ұлттық валютадағы банкноталар мен монеталарды жаңарту қалай жүзеге асырылады?
– Ұлттық Банк филиалының және банктердің кассирлері үнемі банкноталар мен монеталарды қайта санап және сұрыптап отырады, яғни тозған банкноталар мен ақаулы монеталар айналымнан алынып, эмиссиялық (жаңа), жарамды банкноталар мен монеталар айналымға шығарылады.
– Ал, қолымызда жалған ақша болып қалған жағдайда не іс- теуіміз керек?
– Жасанды ақша белгілері анықталған жағдайда, Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне немесе полицияға дереу хабарлау қажет. Сіз тек жазбаша өтініш қана жазып қоймай, сонымен қатар полиция қызметкерлерін оқиға орын алған жерге шақырта аласыз, сол кезде жалған ақшаны алу фактісі тиісті құжаттамалық түрде рәсімделетін болады.
– Банкнотаны шынайы екенін қалай анықтауға болады?
– Шынайы банкнотаны тану оңай. Алдымен банкнотаны сезінген жөн. Банкнота қағазының өзіндік судырлайтын дыбысы болады. Бұл банкноталарды басып шығару үшін жасалған арнайы қағаз. Барлық банкноталарға банкнотаның өзін бедерлі ететіндей арнайы мөр басылған. Бұл бедерлер қолмен сипағанда анық белгілі элементтер.
Содан кейін банкнотаны мұқият қарап шыққан дұрыс. Алдымен жалпы көрініс қалыптасады: ақшаның қаншалықты тазалығы, суреттерінің қанықтығы, дақтардың немесе бояу-дың жағылуы т.б. Сонымен қатар, банкнотаны жарыққа қарай қойып қарағанда да біраз ақпарат алуға болады, бұл негізінен сутамғы белгілеріне қатысты – ағымдағы серияларда "Самұрық" қазақ мифологиясындағы алып құстың бейнесі, номиналдың цифрлық суреті. Яғни, суреттер қанық, ал жалған банкноталардағы суреттер бұлыңғыр болып келеді. Сондай-ақ, банкнотаның сыртқы бетіне пунктир түрінде шығып тұрған, металдандырылған қорғаныш үзік-үзік жіпті көруге болады, жарыққа қарағанда бір тұтас жіп екені анық көрінеді.
Банкнотаның шынайылығын анықтаудың тағы бір жолы бар, ол үшін банкнотаның келесі бетін қарау керек. Банкноталарда түсі өзгеретін сиямен суреттер орнатылған, банкноталардың көлбеу бұрышын өзгерткен кезде жасыл түстен алтын түске ауысады. Бұл СПАРК элементі.
Міне осындай тәсілдер арқылы қарапайым адам ешқандай арнайы жабдықты қолданбай-ақ банкнотаның шынайылығын анықтай алады.
– Сонымен жалған ақшамен не істеуге болмайтынын айтсаңыз?
– Қолыңызға қолдан жасалған жалған ақша түскен жағдайда онымен сауда жасау сияқты жолмен өткізіп жіберуге тырысудың қажеті жоқ, себебі қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз.
Сұрақтар туындаған жағдайда Ұлттық Банкінің Қостанай филиалына 990-924, 990-925 телефондары арқылы хабарласуға болады.