Бағзыдағы батырлар жолымен
Өңірімізде Қазақстан Республикасының кубогін сарапқа салған Ата қазақ жекпе-жек ұлттық спорт түрінен жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыс мәресіне жетті. Тобыл қаласындағы «Астана» спорт кешенінде ұйымдастырылған тартысты бәсеке үш күнге созылғанын айта кетейік. Оған еліміздің барлық аймағынан келген 260 жас жауынгер 27 салмақ бойынша күш сынасты.
Бабаларымыздан келе жатқан көне күш сынасу саласының елімізде қайта жаңғырғанына 16 жыл болды. Оның негізін қалаған әрі ҚР «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының президенті, әйгілі спорт майталманы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО Әуе күштері әскерінің үш дүркін абсолютті чемпионы, ережесіз жекпе-жектен тоғыз дүркін Әлем чемпионы, КСРО мен Қазақстанда кикбоксинг пен ушу-саньданың іргетасын қалаушы Сабыржан Махметов бұл жолғы жарысқа да арнайы келді. Олай дейтініміз, тек өткен жылғы қараша айынан бері Тобыл өңірінде республикалық жекпе-жек түрінен жарыс осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр.
Бұл байрақты бәсекеге республиканың ең мықты спортшылары келді десек, артық айтқандық емес. Олардың арасында жастар мен жасөспірімдер ұлттық құрамасының өкілдері бар. Сондай-ақ, чемпиондық атаққа жаңа есімдер ие болып жатыр.
– Қазіргі таңда Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Атырау өңірлерінде жекпе-жек спорт түрі қарқынды дамып келеді. Ал Қостанайдың ұландары бұл жолы тіптен жоғары нәтиже көрсетті – 13 адам финалға шықты. Мұқаш Түлкенов облысымыздың бас жаттықтырушысы болғалы өңірдегі барлық жекпе-жек клубтарының біріккенінің нәтижесінде командалық есепте көш бастап тұр. Бұған дейін Ақтөбеде өткен үлкен жарыста да қостанайлық жігіттер 8 алтынмен оралды. Жалпы, еліміз бойынша қостанайлық 12 спортшы спорт шебері нормативін орындады. Бұл жоғары көрсеткіш! – деді ҚР «Жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясының вице-президенті – жекпе-жек ұлттық спорт түрінен Қазақстанның бас жаттықтырушысы Сапабек Мұқышев.
Әзірге аймағымызда жекпе-жектің 11 клубы жұмыс істеп тұр. Оларда 500 жеткіншек жаттығып жүр. Вице-президент сондай-ақ, байырғы спортқа жергілікті билік зор қолдау жасаса дейді. Атап айтқанда, спорт залдарымен, жаттығу құралдарымен қамтамасыз етіп, жарыстарға баруына демеу көрсету керек. Егер дайындық орындары болса, жеткіншектер алаңсыз жаттығып, арамыздан талай чемпиондар шығар еді. Олай деуге толық хақымыз бар, белгілі боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сапабек Мұқышевтің қол астында республикалық, халықаралық, әлемдік деңгейдегі қаншама былғары қолғап майталмандары тәрбиеленіп шықты. Олардың арасынан Иван Дычко, Антон Пинчук, Самат Башенов, Василий Левит қатарлы олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлерін айтсақ жетіп жатыр.
Ауыр салмақтағы жерлесіміз Радомир Морозов жекпе-жек айқасынан осымен үшінші мәрте жеңімпаз атанып отыр. Октагонда қарсыласын соққының астына алып, төреші жарысты уақытынан бұрын оқтатуға мәжбүр болды. Қостанайдағы №17 мектептің оқушысы Радомир 5 жасынан спортқа келген. Қазір «Аламан» клубында жаттығады. Мақсатым – әлем чемпионы болу дейді ол.
Ал 59 келі салмақта күш сынасқан қызылордалық Жансұлтан Ақылбекұлы осымен қатарынан 4 жыл бойы Қазақстан кубогін жеңіп алды. Айтуынша, Сыр еліне спорттың бұл түрінің келгеніне он жылдай уақыт болған.
– Өзімнің ағаларым Ербол Байназаров, Ерсұлтан Тұрсынов Қызылорда жерінде жекпе-жектің дамытуға бар күшін салып келеді. Осы азаматтардың қол астында жаттығамыз. Арамыздан талай жеңімпаздар шығып жатыр. Болашақта ММА белдігін ұтып, UFC құрамында ел намысын қорғау, – деді Жансұлтан.
Айта кетейік, осы жолғы айқасты ұтқандар ұлттық құрама болып Түркияға оқу-жаттығу жиындарына аттанады. Алдағы күзден бастап оларды Азия және Әлем чемпионаттары күтіп тұр.
Жарыс жеңімпаздарының толық тізімі газетіміздің алдағы нөмірлерінде жарияланады.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.