Арандатушылық па, әлде асыра сілтеу ме?
Қостанайлық дүкен иелері полицейлердің үстінен қасақана айыптап, арандатушылыққа барады деп шағымданады. Облыстық кәсіпкерлер палатасына 900 азық-түлік дүкендерінің иесінен ұжымдық өтініш келіп түскен. Полиция қызметкерлері сатушылардың заңсыз арақ сатқанын әшкерелеу үшін әлдебіреулермен келісіп, сауда нүктесіне бағыттап отырған. Ал егер сәтсіздікке ұшыраса, олар тіпті фактілерді бұрмалауға дейін барған. Мәселе облыс кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында талқыланды.
Дүкен иелерінің шағымдарының дұрыстығын статистика растайды. 2020 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша (алкоголь өнімін сату бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу) 436 адам жауапкершілікке тартылды, бұл ретте 118 адамға қатысты әкімшілік істер тоқтатылды. Биыл 124 кәсіпкердің 27-сі жазадан құтылды. Яғни, құқық бұзушылық жағдайларының төрттен бірі расталмаған.
Кінәсіз «кінәлілердің» қатарына Елена Попова ЖК-де бар. Ол сотта өз ісін дәлелдеуге бар күшін сарп етті. Бірталай уақыт жұмсады. Жүйкесі жұқарған. «10 ақпанда полиция қызметкері дүкенге кіріп, бізге кәмелетке толмаған балаға сатқан коньякты көрсетті. Сатушы дүкенде ондай ішімдік жоқ екенін түсіндірді. Менің көзімше хаттама толтырылған жоқ. Бірақ, құжаттар сотқа жіберілді. Ақыры адвокат жалдауға тура келді. Кейін сот процесінде анықталғандай, дүкеннен коньякты сатып алды деп айыптау үшін олар ІІМ академиясының курсантын көндірген. Оған Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері және шартты түрде сотталған адамдар куәлік еткен», – дейді кәсіпкер.
Айна Нұрғалиеваның басында да осындай жағдай болды. Оның дүкеніне де тәртіп сақшылары сол күні, әлгі құраммен келді. Кәсіпкер айыппұлдан тек сот арқылы ғана құтылды.
«Дәл осындай істер бойынша кәсіпкерлер палатасына азық-түлік дүкендерінің иелерінен ұжымдық өтініш келіп түсті. Олардың айтуынша, «жасанды қойылымға» тек полицейлерге тәуелді адамдар ғана қатысады. Бұған дейін біз полиция қызметкерлерінің кәмелетке толмаған баланың полиция бөлімшесінде болғанын пайдаланып, оған ақша беріп, темекі мен алкоголь сатып алу үшін дүкенге жібергенін анықтадық. Нәтижесінде қызметтік тергеу жүргізіліп, полиция қызметкерлеріне қатаң ескерту жасалды. Бірақ, олар жауапкершілікке тартылған жоқ», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Ренат Дәулетпаев.
Бір қызығы, мұндай полиция «рейдтері» заңмен реттелмеген. Яғни, олар тексеріс болып саналмайды. Тиісінше, бұл туралы ақпарат жоққа тән. Көптеген кәсіпкер құқық қорғау органдарының қызметкерлері басқалардың заңсыз жұмысына көз жұма қарап, тек бірер дүкенді ғана тексере береді деп налиды.
«Қалада алкогольді тәулік бойы сатып алуға болатын бірнеше сауда нүктесі бар. Тіпті, тірек пункттерінің жанында да дәл осындай дүкендер бар. Жастар оларды жақсы біледі. Сонда ол дүкен иелеріне заң жүрмей ме? Кәсіпкерлерге жұмыс істеу үшін тең жағдай жасалуы қажет қой», – дейді облыстағы бизнес-омбудсменнің өкілі Самат Сәдуақасов.
Бұл арандату ма, жоқ па, алайда, кәмелетке толмағандарға мезгілсіз уақытта темекі, алкоголь өнімдерін сату фактісі кез-келген жағдайда құқық бұзушылық болып саналады. Оған айыппұл салынған және лицензиясынан айырылған кәсіпкерден басқа ешкім жауапты емес. Дүкен иелері мұның өзі әділ шешім еместігін алға тартады. Өйткені, олар сатушыларды үнемі қадағалай алмайды.
«Мұндай тәжірибеге іс жүзінде өзгеріс енгізу қажет. Мәселен, сатылған сыраның бір бөтелкесінен жеке кәсіпкер 30-40 теңге табады, ал құқық бұзушылық анықталған жағдайда айыппұл, жаңа лицензия сатып алу құнын қосқанда барлық шығын 400 000 теңгеден асып жығылады. Көріп отырғаныңыздай, бұл тиімсіз. Көп қабатты үйлердің бірінші қабатында орналасқан дүкендерде заңсыз сатудан түскен кіріс шығындарды жаба алмайды. Яғни, жеке кәсіпкер сатушыларға қарағанда заңды бұзуға бармайды. Сондай-ақ, біз алкогольді ішімдіктерді беймезгіл уақытта сатып алатындарға әкімшілік жауапкершілік енгізу қажет деп санаймыз. Сонда ғана мемлекет көздеген мақсатқа осылай қол жеткізуге болады», – деді кәсіпкерлердің өкілі, заң кеңесшісі Жасұлан Байбазаров.
Полицейлердің бұған айтар өз уәжі бар. Жергілікті полиция қызметінің бастығы Жеңіс Бейсембаев түсіндіргендей, барлық қылмыс пен құқық бұзушылықтардың басым бөлігін адамдар мас күйінде жасайды. Көбінесе олар алкогольді қараңғы уақытта жасырын сатып алады.
«Кәсіпкерлердің әрбір жеке анықтамасы мен шағымдары бойынша кінәлі тұлғаларды қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарта отырып, қызметтік тексеру жүргізіп жатырмыз. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Е.Попованың ісі бойынша біз полиция қызметкерін жұмыстан шығардық. Алдағы уақытта мұндай фактілерге жол берілмейді. Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, кәсіпкерлер палатасына, 102 нөміріне немесе жеке қауіпсіздік басқармасының 54-42-47 сенім телефонына қоңырау шала аласыз», – деп атап өтті Жеңіс Бейсембаев.