Ыбырай ата жолымен
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде ұлы ағартушы Ы.Алтынсаринның 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында филология ғылымдарының кандидаты, ақын, жазушы, университетіміздің профессоры Серікбай Оспановтың «Ыбырай жолы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Әдебиет және ғылым саласының өкілдері, журналистер тұтас ұлтқа ұлағатты ұстаз бола білген қоғам қайраткерінің мол мұрасы жөнінде ой өрбітіп, ізгі тілектерін білдірді.
– Ұлттың ұлы ұстазы атанған адамды қалай ұлықтаса да артық етпейді. Мен 30 жыл бойы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын зерттедім, 13 кітап шығардым. Әр кітап шыққанда тың жаңалық қосып отыруға тырыстым. Бүгінгі «Ыбырай жолы» кітабы 800 беттен, 6 тараудан тұрады. Мемлекеттік архивтен бастап, Омбы, Мәскеу, Қазан, Ыбырай оқыған Орынбор арихвтерінен алынған тың мәліметтер енгізілген. Бұл еңбек сонысымен құнды. Мазмұнына үңілер болсақ не туралы жазылғаны бәрі түсінікті. Ыбырайдың неше мектеп ашқаны, онда сабақ берген кісілер жайлы, оның шығармашылығы, шәкірттері туралы және де қайраткерлігі жайлы да деректер келтірілген. Оқыған жан бұрын жарияланбаған тың деректерді таба алады. Осы кітаптың шығуына досым, кәсіпкер Ыбыраш Естаев демеуші болды. Ал бір емес бірнеше кітабыма алғы сөз жазып, мені таныстыра білген досым Аманжол Күзенбайұлы, – деп зерттеуші Серікбай Оспанов осы кітаптың шығуына мұрындық болған баршаға алғысын білдірді.
Зерттеуші тың мәліметтерді алға тартып, көп мәселені ортаға сала отырды. Кітаптың тұсаукесеріне келіп, құттықтау сөз айтқан прфессор Қалқаман Жақып «кітап том-том болып шықса да артық емес» десе, профессор Аманжол Күзембаев «мұндай құнды кітап әр мектепте тұруы керек, енді мұның тағы бір төрт жүз данасын бастырып шығарса, оған қаражат бөлінсе» деген орынды ойын білдірді. Кешке жиналған қауым ақ тілектерін жаудырып, лебіздерімен бөлісті.
Суретті түсірген Б.Көркембаев.