“Алау” арнасы финалға өтті
"Тұмар" V ұлттық телевизиялық сыйлығының номинанттарының шорт-парағына 40 финалист енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2021 жылы 10 номинация бойынша 250 жұмыс ұсынылған, оның 88-і – қазақ тілінде және 162-сі – орыс тілінде. Сыйлыққа 2020 жылы қазақстандық телеарналардың эфирінде шыққан телевизиялық жобалар қатыстырылып, "Үздік тележурналист", "Үздік тележүргізуші", "Үздік режиссерлік жұмыс", "Үздік әлеуметтік жоба", "Үздік ток-шоу", "Үздік деректі фильм" "Үздік ойын-сауық бағдарламасы", "Үздік телевизиялық сериал", "Үздік ақпаратты бағдарлама", "Үздік аймақтық телеарна" аталымдары бойынша бәйгеге түсті. Осы байқауда қостанайлық "Алау" телеарнасы "Үздік аймақтық телеарна" номинациясы бойынша финалға өтті. Жеңімпаздарға 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық және "Тұмар" мүсіншесі табыс етіледі.
Ұлттық бәйгенің марапаттау рәсімі 2021 жылғы 6 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа орталығы» киноконцерт холлында өтеді. Іс-шара санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, жабық форматта екінші рет өткізіледі.
"Тұмар" – телевизиялық шеберлік саласындағы жоғары жетістіктері үшін Ұлттық телевизиялық бәйгесі 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған. Осы жылдар ішінде отандық телевизиялық журналистиканың 48 маманы эксклюзивті мүсіншеге ие болды.