Жеңілдік жасалды
Облыста мыңнан астам кәсіпкер өздері жалдап отырған ғимарат үшін ақы төлеуден босатылды. Осылайша, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор ғимараттарын жалға алған бизнес нысандарынан түсетін шамамен 239,6 млн теңге көлеміндегі қаржы енді кәсіпкерлер өз қалтасында қалатын болды.
"Бізде бар мәліметтер бойынша, пандемия кезе-ңінде өңірде 1522 шарт бойынша жергілікті атқарушы органдар мен квазисектор алаңдарын жалдап отырған 1087 бизнес нысаны жалға алу ақысын тө-леуді тоқтатты. Сонымен қатар, карантин кезеңінде бизнесті қолдау мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бірқатар кәсіпкерлердің жалға алып отырған ғимарат ақысын төлеу мерзімі шегерілсе, енді біреулерінікі қайта есептеліп, аренда ақысы 50%-ға дейін төмендетілді. Облыс бойынша мұндай жеңілдікке 3 500-ден астам кәсіпкер ие болып отыр", – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы Қазақстанда пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнес нысандары мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың мүлкін жалдау ақысынан босатылған еді. Мемлекеттік комиссия биыл 5 наурызда кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі шұғыл пакетті мақұлдап, кәсіпкерлерді жалдау ақысынан босатуды 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартып отыр.