Көпір құрылысы биыл аяқталады
Қостанайда Кәріс көпірінің құрылысы жүріп жатыр.Қазір мұнда құрылыс жұмыстарының 40% аяқталды, деп хабарлайды облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Осыдан екі жыл бұрын Қостанай қаласына кіреберіс автомобиль жолында көпір салу жобасы әзірленіп, сол жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Одан кейін «Казахдорстрой» ЖШС мердігерлік ұйымы барлық конкурстық рәсімдерді өткізгеннен кейін өткен жылдың мамырында нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісіп кетті.
Қазір 1973 жылы салынған ескі көпірдің жанына жаңасы салынуда. Ескі көпірдің жағдайы қанағаттанарлықсыз және жылдан-жылға көлік көбейіп, жолдар тарылып жатыр.
Бұған дейін де қала тұрғындарынан бұл өткелде жол-көлік оқиғаларының орын алатыны және жиі кептеліс болатыны туралы шағымдар келіп түскен. Себебі Тобыл қаласы мен Қостанайдың солтүстік шығыс бөлігін жалғап жатқан өткел тар, қала жақтан кіретін кіреберіс жолдар бүгілген, әсіресе көктайғақ кезінде жүргізушілерге қиындық туғызады.
-Құрылыс жобасында көпірді I техникалық санатқа дейін жеткізу жұмыстар қарастырылған, атап айтқанда, қозғалысқа арналған жолақтар саны 4-ке дейін, жолдың ені 15 м-ге дейін, көпірдің ұзындығы 261 м-ге дейін артады. Көпірдің құрылыс жұмысы өткен жылдың мамыр айында басталды. Көпір құрылысы жобасының жалпы құны – 4,4 млрд теңге. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары биыл жылдың аяғына дейін аяқталады, – дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев.
Құрылыс қажеттіліктері үшін мердігер ұйым «Гражданстрой 2006» ЖШС топырақ сатып алды, бұл материал барлық құрылыс нормаларына сәйкес келеді.
Сібір жарасы көмінділерін көмген аймақта орналасқан «Ремдортехника» ЖШС карьерінен топырақ әкелінген жоқ. Себебі жоба аталған серіктестік оны әзірлеуге лицензия алғаннан бұрын жасалыпты. Қазіргі уақытта бұл карьердің топырағы қатып жатыр.