Ардақты аналар! Аяулы арулар!
Сіздерді әсемдік пен әдеміліктің, сұлулық пен сымбаттылықтың мерекесі, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Көктемнің шуақты сәті аналарымыз бен аруларымыздың мейрамынан бастау алады. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беретін айрықша күшке ие. Қай кезде де әйел жанының жылулығы мен сұлулығы, мейірімділігі мен кеңдігі әлемге рух беріп келеді. «Кез келген мемлекеттің жеткен биігі, мәдениеті, оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді», – деген пікір әйел азаматының бүгінгі қоғамдағы ерекше орнын білдіреді. Қазіргі заманда әйелдер қауымы шаңырақ берекесімен қатар, әлеуметтік өмірдегі жұмыстың тізгінін тең ұстап, аяулы ана, адал жар, үлгілі қызметкер миссияларын қатар алып жүрсіздер. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында да қашанда нәзік жандардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр.
Қымбатты аналар, аяулы қарындастар!
Заманауи өмір ағымынан қалыс қалмай, ғасырлар бойы келе жатқан халық даналығын сақтай отырып, жер бетіндегі әсемдіктің көрінісі болып қала беріңіздер. Мерейлі мереке көңілдеріңізге шырайлы шұғыласы мен шуақты шапағатын шаша бергей! Дендеріңізге саулық, босағаларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
А.МҰХАМБЕТОВ,
Қостанай облысының әкімі