Виктор Радомский: “Бізді құтқарған – қазақтың дарқан көңілі”
Бүгін – Алғыс айту күні. Бұл мереке маңызының тереңде екенін елдегі өзге ұлт өкілдері де мойындайды. Мұндайды кезінде солақай саясаттың тәлкегіне түсіп, қиындығын көргендер ғана айта алады. Себебі пейілі кең, ниеті түзу, қонақжай қазақ қиналған өзге ұлт өкілдерін бөлмей, құшақ жая қарсы алып, барымен бөлісті. Осы жақсылық туралы айтудан шаршамайтын кісінің бірі – Виктор Радомский. Ұлты поляк. Ата-анасы қазақ жеріне 1936 жылдары Украинадан жер аударылған. Ол тағдыр тауқыметін көп көрген туғандарының қиын кезеңдерін үнемі айтып отырады. Зейнетке шықса да, қазір қаланың қоғамдық жұмыстарынан шет қалмай, «Nadzieja» поляк ұлттық мәдени орталығының жұмысын жүргізіп отыр. 1 наурыз – қазақ халқына алғыс жауатын күн. Ол бұл күнде үнсіз қалу мүмкін емес деп санайды. Өткенді тебірене еске алып, ата-анасы туралы ыстық естеліктерімен бөлісті.
"1936 жылы ата-анам Украина жерінен күшпен Қазақстанға жер аударылды. Туған жерден кету, әрине, оңай болмады. Бірақ үкіметтің шешімімен келіспеу мүмкін емес еді. Алғашында Қазақстанда бәрі де беріледі деп сендірген. Ал іс жүзінде бәрі мүлде басқаша болды. Осылайша, ата-анам танымайтын өлкеге келген еді. Сол кездегі Көкшетау облысына қоныстандырған. Онымен қоймай, анамды бір бөлек, әкемді бір бөлек жіберген еді. Неге екені белгісіз, поляк ұлты осы жер аударуда көп зардап шекті. Қоныстануы да қиын болды. Үй жоқ, ата-анам жер қазып, үстін жауып, баспана етті. Сол жеркепе үйлерді олар «сталиники» деп атапты. Кейін колхоздар құрылды. Соның өзінде поляк ұлтына шектеу көп болды. Құжаттарын алып қойды. Поляктар емін-еркін жүріп тұра алмады. «Өте қиын кез, қиын заман еді» деп еске алатын анам. Мен кейін Горький ауылында дүниеге келдім. Жер аударылып келген алғашқы қыс аса ауыр болды. Бұл жақта қыс қатты. Ондайды көрмеген поляктар қатты қиналды. Осы қиындықта екі жасқа дейінгі балалардың барлығы шетінеп кетті. Ауру дендеп алды. Осындайда жергілікті қазақ халқының кең пейілі, бауырмалдығы, қонақжайлығы ғана демеу болды. Қазақтың дархан мінезінің арқасында біздің ұлт, менің отбасым аман қалды. Тек аман қалып қана қоймай, өздеріне деген сенімін, тілдерін, дәстүрлерін сақтап қалды. Анам үнемі «қазақ халқына ризамын» деп еске алып отыратын. «Көрші ауылдардан біз мүлде танымайтын тұрғындар келіп, барларымен бөлісіп тұратын. Тар заман болса да қолындағы барын беретін. Біз ештеңе сұрамасақ та қатырылған сүт, нан, ұн, құрт, сүр ет, малдың қиын отынға деп әкелетін» деп анам үнемі айтып отыратын. Сондықтан, Алғыс айту күні біз үшін өте маңызы жоғары мереке. Мен үшін де, менің ұлтым үшін де бұл күнде айтарымыз көп. Алдымен біз сияқты қазақ жеріне жер аударылып келген жүздеген этностың көңілі шексіз, риясыз адал. Ұлттар достығы, ұлтқа бөлінбей адамдықты ту еткеннің арқасында біздер сол қиын шақтан аман қалдық. Бұл, алдымен, қазақ халқының жақсылығы. Қазақтың қонақжайлығына ештеңе жетпейді. Өздерінің жағдайы да сол шақта мәз емес еді. Соғыс, ашаршылық болды. Жетім қалған өзге ұлттың балаларын да бауырына басқан да қазақ отбасылары. Сол кездерді көзге жас алмай еске алу мүмкін емес. Мен дәл сол қиындықты көрмесем де ата-анам үнемі айтып отыратын. Поляк ұлты осындай қиындыққа қарамастан төтеп берді. Тілімізді, дінімізді сақтадық. Поляк ұлты қазақ жеріне өзінің мәдениетін ала келді. Олардың арасында тігінші әйелдер, ағаш ұсталары болды. Олар жергілікті халыққа білгенін үйретті. Кейде "егер біз басқа елге жер аударылғанда аман қалмас едік" деп ойлаймын. Бізді құтқарған – қазақ халқының дарқан көңілі. Осының арқасында ғана біз аман қалдық. Халық бір-бірін қолдап, ұлтқа бөлінбегені, қарапайым халық адамдықты жоғары қойғаны мені әлі күнге тебірентеді. Осы сыйластық әлі күнге сақталған. Мектепте де түрлі ұлт өкілдері білім алдық. Олармен татумыз, араласып тұрамыз. Ата-анам да осы қазақ жерінде жерленген. Бауырларым да осы қалада тұрады. Бұл ел менің отаным болып кеткен. Анам марқұм қазақ халқын ерекше құрметтеп кеткен кісі. «Қазақтар бала сияқты. Шын жүрегімен құшақ жаяды» дейтін ол үнемі. Анам гүл, бау-бақша өсіргенді жақсы көретін. Өзі тұрған ауылында анамды ыстық сезіммен еске алады. Бар көрші көлеммен жақсы араласып, бір болып кеткен еді. Сондықтан бұл күннің маңызы жоғары, тарихы тереңде жатыр. Оны тек ұғынып, түсіне білген жөн. Иә, біз қазақтар болмаса, осы күнге жетер ме едік, әлде жетпес пе едік деп ойлаймын. Мейірбан, дархан қазақ халқына алғысым шексіз. Алғыс айту күнінің болғанының өзі жақсы. Бұл татулығымызды, бірлігімізді арттыра түспек», – дейді ол.
Айтолқын Айқадамова,
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев