Қауіпсіздік бәрінен маңызды

Қостанайда өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. 16 ақпан мен 16 наурыз аралығында өтетін айлыққа Төтенше жағдай департаментінің жеке құрамымен қатар, полиция қызметкерлері мен еріктілер де жұмылдырылып отыр.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасына сәйкес, жыл сайын біз облыс аумағында өрт қауіпсіздігін айлығын өткізіп келеміз. Айлықтың бірінші кезеңі жылыту кезеңі басталардан бұрын өткізілсе, екінші кезеңі осы кезге жоспарланған. Іс-шара кезінде жеке тұрғын үй секторында халыққа өрт қауіпсіздігін сақтау үшін нұсқаулықтар береміз», – деді айлықтың ашылуында сөз сөйлеген Қостанай облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азамат Орынбаев.
Отыз күн ішінде облыста аумағындағы жеке тұрғын үй секторы барынша қамтылады. Жыл басынан бері 103 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 65% жер үйлерде болған.
Өрттің туындауына көбіне пештің ақаулары мен электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болып жатады. Сондықтан, айлық барысында тілсіз жаудың алдын алу амалдарын түсіндіруден бөлек, кейбір тұрғындарға нақты жәрдем беріледі. Атап айтқанда, қоғамдық ұйымдардың көмегімен тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасылар тұратын үйлердің мұржасы ақысыз тазартылып, дабылдатқыштар тегін орнатылады.
Қостанай өңірінде жыл сайын мыңнан көп өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан отыздан аса адам көз жұмады. Өкінішке қарай, былтыр тілсіз жау төрт баланың өмірін жалмаған. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары қайғылы жайттардың негізгі себебін жеткіншектерді қараусыз қалдыру деп атады.
Осы жылы өрттен алты адам қаза болды. Былтырғымен салыстырғанда кісі өлімі 25% азайса, зардап шеккендердің саны 35% кеміген.
Төтеншеліктер алдын алу іс-шарасы кезінде халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерімен бірге көктемгі су тасқыны жағдайында қалай әрекет ету керектігін де түсіндіреді.
Айлықтың алғашқы күнінде ТЖД қызметкерлері Қостанай-2 шағын ауданын аралады. Олар бір күн ішінде елуден астам үйді қамтып, тұрмысы нашар отбасыларға дабылдатқыштарды тегін орнатып берді. Кейбір үйлердің мұржасы тазартылды. Департамент мамандарының айтуынша, жылыту маусымы басталғалы Қостанай облысы көлемінде 783 үйге улы газдан қорғайтын дабылдатқыш қойылған. Бұл жұмыс жалғасын табады.

Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓