Мұңын жырмен түрлендірген дүр ақын

Мұң, жыр һәм дүр… Егер ақын туралы айтпақ ойымызды осы үш ұғымның ауқымына сыйғыза саралап бере алсақ, ақын Құлабаевтың шығармашылығына терең талдау жасай алмағанымызбен, өз шама-шарқымызша, түсінік-түйсігімізше ой-пікірімізді білдірген болар едік, деп ойлағанбыз әу баста. Сөйтсек, бұл оңай шаруа болмай шықты. Пікір айтудағы басты қиыншылық ақын өлеңдерінің соншама сыйымдылығында жатыр. Тіпті бір ғана өлеңді талдау үшін бір мақала аздық ететіндей…
Ақынның өлеңдерінің барлығына дерлік ортақ ерекшелік – бір өлеңде көркемдік те, терең ой да, қиыннан қиыстырар хас шеберлік те, әдемі сурет те, сезімдерді тап басу да, сосын осының бәрін біріктіріп әкеліп, әдемі ұсына білу бар. Осы арқылы да оның  ешкімге ұқсамайтын өзіндік үнін айна қатесіз танисыз. Образды түрде айтатын болсақ, ақын Құлабаевтың әрбір өлеңі жеті реңнің жиынтығынан тұратын ақ түс (басты рең) секілді көрінеді.
 
* * *
Жабырқатып жанымды мұңды көктем,
Түсіме ендің бейнеңмен бұлдыр өткен.
Ебедейсіз қалпымда дір-дір еткен,
Гүл ұсынып тұр екем шын жүрекпен.
 
Бұл менің жиырмадан енді ғана асқан балаң ақын Нұрқанаттың поэзия әлемімен алғаш қауышуым болатын. Өлең өзіндік ерекшелігімен баурап алған. Осы өлеңді алғаш естіген көктемнің сонау бір әдемі кешінен бастап, ақынның бұдан кейінгі әр өлеңі мен үшін елеулі оқиғадай әсер ететін болды.
Енді бүгінгі, толысқан, қалыптасқан ақын Нұрқанаттың  үніне кезек берелік: 
 
Періштедей пейілі пәк күндерім,
Жаныңа жаным қазір жат. Кірледім.                                               
Сәби көңіл сәулелі сәттерім-ай,
Таусылғанша тозбайтын ақтық демім. 
 
Байыптап оқыған адамға осы бір жалғыз шумақта ақындық шеберлік те, (бұл турасында сәл кейінірек), ақынның ар алдындағы адалдығы да, кез келген адамға базары мол, алаңсыз, балдырған күндерін сағынтып қана қоймай, әр адамға күнделікті өмірдің күйкі күйбеңінен жанына өзі жұқтырып алып жүрген «кірді» көрсеткендей әсер ету де, есейіп кеткенімен сонау алыста қол бұлғап қалған сәбилік пәктікке деген ықылас арқылы АДАМ бойындағы ең қымбат қасиет – адамгершіліктің мүлде жойылып кетпейтінін мегзеу де бар.
 «Толғанатын ой ағыны жоқ кезде мен өзімді құтты сырқат жандай сезінем» деген екен кезінде ұлы Гете.
Жалпы ойлай, әсіресе ой-теңізге тереңірек бойлай білу кім-кімге де керек дүние ғой. Иә, өмір жайлы ой толғағыңыз келсе, Нұрқанат ақынды оқыңыз.
Оқи отырып ақынның айтпақ ойын жалаң жеткізбей, кіреуке мұңмен кестелеп, оқырманын тереңдегі толғаныс-иірімдерге тарта түседі. Бірақ сіз мұның үмітсіз пессимизм емес, күнделікті өмірден көріп, естіп, сезіп жүрген дүниелеріңізге өзге бір көзқараспен қарауыңызға, сөйтіп, мына әлемде ізгілік пен пәктіктің, адалдық пен адамдықтың жоғала қоймағанын есіңізге салып, тәубеңізден адасып қалмағайсыз деп  тұрғанын ішіңіз сезеді…
 
Тау құласа түк болмайтын қоғамның,            
Түк көрмейтін бір мүшесі  боп алдым.
                                                          («Алтынбек Сәрсенбаевтың рухына»)
 
Жалпы, ғасырлар бойы тауқымет тартудан арылмай келген қазақ халқының  егемендігі мен еркіндігі өз қолына тиген бүгінгі күні осы елдікті ту қып көтеруде көпшіліктің көкейінде жүрген «әттеген-айларды» түйдек-түйдек ой-толқындармен дестелеген жолдарды көргіңіз келсе, Нұрқанаттың жазба айтыстарын оқыңыз. Ондағы ойларды өзіңіз айтқандай айызыңыз қанып, бір марқайып қаларыңыз сөзсіз…
 
Енді жоғарыда айтып кеткен ой тереңдігі мен образды суреттерге, соны шешім мен тіл көркемдігіне, ақындық байқампаздығына, ағынан ақтарылар шынайлыққа, сосын осының бәрін шебер тоқайластырып алып келіп, Сізге ӨЛЕҢ етіп ұсынатын тұстарға кеңірек тоқталсақ…
 
ОЙ-ТҮЙІНДЕР. Ойлы дүние ой салады, терең дүние тереңге тартады, төмендегі жолдар оқырманын еріксіз ойлантады:
 
Адам неге түкті де сезбейді екен,
Бақыт құсы басынан  ұшарында?                                       
                                                              («А-ға»)
Адалдық көксеп, адам боп зарықпағасын,
Адамның жүрміз бере алмай анық бағасын.
                                      («Тағына қарай аяңдар паң шығып тік күн»)
 
Түк түсінбей өтіп кетеді екен ғой,                    
Адам қанша өмір сүрдім дегенмен.
                                                  («Өмір»)
Жеті қаттың мұңы тұнып жатады
Жүрегінде ақын деген адамның.
                                         («Ардың туы»)
Ей, Ұлы Жер!
Сен кішік болғаныңмен,
Төсіңдегі пенденің бәрі құдай.
                                      («Ей, тағдырым…»)
 
Ғұмыр кейде ақымақтар ойыны,
Ұтылыстан тұратын кіл ұтысы.
                                     («Шаранасын жалғанға арым табыстап…»)
 
Өмір деген кемпірқосақ секілді,
Кемпірқосақ көп тұрар деп ойлама;
 
Орыныңнан көтерілу үшін де,
Баспа ешқашан иығынан ешкімнің;
 
Адамдарға Алла берген аз күнді,
Бақытты ғой өткізгендер мазмұнды.         
                                                (бәрі де «Бал елестен…» өлеңінен)
 
* * *
Айтпақ айшықты ойды оңтайлы образбен өрнектеп көз алдыңызға тартады:
 
Қарашаның қарындай қалбалақтап,
Терезеңді тентек ем еріп өпкен.
                                   («Ей, тағдырым…»)
Ұстатпастан алыстап барамысың,                         
Көбелегім секілді бала күнгі.
                             («Қара басым құшақтап қара мұңды»)
 
Сен деген қажыры мол қариясың,
Жанға батқан жарасын байқатпаған.
                                                     («О, менің ұлы далам»)
Талай-талай мықтылар балталапты-ау,              
Қазақ деген даланың қарағайын.
                                («Жаңа жыл кешіндегі ой»)
Менің әзиз халқымның қаны ағып тұр,              
Жиырмасыншы ғасырдың жанарынан.   
                              («Жаңа жыл кешіндегі ой»)
 
Ақын шығармаларынан туған тілдің байлығын сәтті пайдаланып, тосын теңеулермен, соны тіркестермен, көркем көріністермен кестелеп, әсерлі ете әспеттеп  беретін жолдарды көптеп кездестіресіз:
 
Ақ арудай арысын аймалаған,
Мұз шыңдарға Айдан кеп тамған арай.      
                                                                        («Түн көрінісі»)
Құрандай жаттап, Тұмардай сақтап өтейін,
Екеумізге ортақ сезімнің мөлдір тұмасын.    
                                                                                                                 («Сен мендік емес»)
Нарт көңілдерді нәуетек етті нала күз,
Нараду көңіл, көкірек – көк тас, сана – мұз.
 
Тоқтады-дағы құлпынай ғұмыр тірлігің…         
                                                                                    (екеуі де «Құралай»)
Арда емген арлан бөрі едім      
Бозамық айдың жарығын.
                                         («Тәңірім»)
Нұрым боп келіп, жырым боп қайта жаратыл.
                                                        («Илана бергім…»)
Нұрқанаттың шығармаларында толқып та, тебіреніп те, тамсанып та, таңданып та оқитын өлеңдер де жеткілікті. «Адасып келген ғасырдың» солақай саясаты сеуіп кеткен саяз ұғымнан әлі арыла  алмай келе жатқандарға (өлеңді бүтіндей бір ұлтқа деген өкпе деу дұрыс болмас) арналған төмендегі жолдарды оқи отырып, өзіңіздің санаңызда жүрген ойларды тап басқаны үшін де шынымен-ақ риза болып қаласыз (жолдар «Орыс досқа хат» атты өлеңнің әр жерінен алынып отыр):
 
…Тәуелсіздік таңы атып, Жарық Күн
Шықты маған…
Оған неге қамықтың?
Ұлы едің ғой тегі түзу халықтың,       
Сол тектілік келбетіңді танытқын.    
 
…Менің жаным ауырады Отан деп,
Сенің жаның ауырады басқаға… 
 
Ата-бабаң Ресейді сүйгендей,
Сүй бұл жерді, екі ұдай күйге енбей.
Содан кейін сені өзектен тепсем мен,
"Ит екенсің"  деші маған именбей.
 
… Сенің кейде үй иесін ұмытып,              
Қоқаңдайтын қылығыңа күйінем.        
 
Мендік тілді менсінбесең – сол қатер,
Дос болам деп онда босқа болма тер.
Төрт түлікті қадірлеген қазаққа,
Төртінші жүз болсаң, қане, қолды әкел!
 
* * *
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менік ертең үшін», –
 
деп бұдан бір ғасырға жуық бұрын көрегендікпен айтып кеткен сөздерін, халқы үшін жасап кеткен теңдеусіз еңбегін келешек ұрпағының күндердің бір күнінде іздеп тауып, қажетіне жарататынын сезген ұлт көсемі Ахаңның ішкі жан-дүниесін тап басып жеткізе білген  мына шумақтарды тебіренбей оқу мүмкін емес:
 
…Адасып келген ғасырды
Тамыры тексіз тапшыл күн,
Аманат саған тапсырдым.
 
…Алашым үшін, Жарық күн,
Жанарға симай барасың.
Қамсыздау қыңыр халықтың,
Сәулеге малдым санасын.
 
…Алашым үшін Сарыарқа-ау,
Сені де қиып барамын.
Жүрегім жалын жанартау
Сеп болар ма екен самалың.
 
…Алашым үшін, Қауыз күн,
Айналдың неге азапқа?
Қанаттан сусын тамыздым,
Қаталап жатқан қазаққа.
 
…Маңдайға тиген тасыңды
Қалдырдым саған, аманат.
Адасқан асыл жамағат
Алашым үшін, Аманат!!!
                                («Ахаңның соңғы сөзі»)      
 
* * *
Ақын жырына нені арқау етсе де, қай құбылысты тақырып қылып алса да ешқандай әсіре бояусыз, жүрегінен шығара, шынайы жазады. Бұл ақынның жеке басына да қатысты. Ол «кереметтігімді ешкім түсінбейді» деп ешкімді күсталамайды, қайта, бірде сол биікке жете алмай жатқаны үшін өзін  кінәлі санаса, бірде сыртқы факторға тәуелсіз, өзімен-өзім болып қалсам ба дейді…
 
Ақылымнан әріге асып бара алмай,
Аласұрам ақпандағы борандай.              
Тағы да кеп тығырыққа тірелем,
Тағдырымның тақырыбын таба алмай.
       («Өмір»)
                                                                               
Жараса алмай жыр елікпенен,
Өзімнен-өзім түнеріп келем.
(өлең осылай басаталады)
Адалдығым аласа жатыр, білем,
Мен сенен әлдеқайда көп білгенмен.
                                                («Балалық шақ…»)
Тілгілеп тінін тірліктің тірі ашынардай,
Келемін әлі еркін бір құлаш ұра алмай.
 
Біреудің күндеп қайтейін өрмелегенін,
Өлермендікке тойған ба пенде дегенің.
Кіргенін сезбей қалғанша көрге дененің, 
Өтсем болғаны, әйтеуір, сен деп, өлеңім.    
                                           (екеуі де «Сен деп, өлеңім…» өлеңінен)
 
* * *
Сезімдерді тап басып, қаз-қалпында бере білуде де ақын шебер-ақ:
 
Жер бетінен жан таппай өкпемді ұғар
Жетімсіреп тұрмын мен, көктемгі қар…
 
«Көктем қары» өлеңіндегі бар әлемнен «өгейсіреп» жападан-жалғыз қалған жанның көкей кейпін ақынның көз алдыңызға алып келетіні соншалықты, мұңға малынған осы бір сәтті өзіңіз басыңыздан кешіп тұрғандай боласыз.
 
…Жанымды ұғар жалғызым жалғандағы,
Сенен артық емес-ау кешегі өткен,       
Төлеген мен Қозының Армандары.       
                                               («Мұңды неткен»)
 
Нағыз ғашық адамның жүрекжарды жан сыры. Бұл (ол сияқты ешкім ешкімді ешқашан сүйіп көрмегендей) – ғашық жандардың бәрінің басынан өтетін ғажайып сезім. Жоғарыдағыдай ірілікті айтқызып тұрған да осы Махаббат.
Ақылдың жүрек көне де қоймай ырқына,  
Неліктен сонша береді екен бұлқына.        
Ғазалдап сені ғасырға тастап кетейін,          
Арайыңды орап мұңымның мұнар бұлтына. 
                                                               («Илана бергім…»)
"ПАҺ шіркін!" дейсің, еріксіз басыңды шайқай, ырза болып. Осы жерде есіңізге кезінде Пушкин ғазалдап тастап кеткен Анна Керн, Абай ғазалдап кеткен Тоғжан (дәл осы өлең Тоғжанға арналған деп айдар тағылмағанмен, Абайдың махаббат лирикасында Тоғжанның орны ерекше болса керек) түсер-ақ.
 
* * *
Нұрқанаттың өлеңдеріндегі «мұңды мұнарлардың» жиі көрініс беріп қалатынына қарамастан, ақын поэзиясы оптимизмге құрылған. Оған мына жолдар дәлел:
Бұл өмірдің байыбына тереңнен,
Түсіне алмай өтіп барам, дегенмен.
Өзіме-өзім белгі соғып өлем мен,              
ӨЛЕҢМЕН.                                                     
                                                    («Өмір»)
 
Жарым көңіл, жаураған жүрек болса,
Менің өлеңдеріммен жылытыңдар.
«Маңдайымнан қарт тауға сүйдіргім кеп»
Қуанышқа арнатсын Хақ Тағалам,
Жалқы жырын жанымның жөргегі қан.   
                                                        («Бағаға»)
Босағаңды қайтейін, төріңді бер,
Қазақ деген халыққа жаңа дәуір!
                                                  («Жаңа жыл кешіндегі ой»)
 
* * *
Ақынның өлең өрудегі шеберлігі, яғни техникасы жайлы да сөз етпеуге болмайды. Ақын өлеңдерінен кездейсоқ теңеу немесе зорлап қосақталған ұйқасты мүлде кездестірмейсіз, әр сөз орын-орнымен, өз жүгін барынша жоғары деңгейде атқарып «қиыннан қиысып» келеді, және бір айта кетерлік жайт, ол – бір жолда немесе тіркестерде ішкі ұйқастардың әдемі үйлесім тауып жатуы:
 
Керемет күн неліктен келеді өткің?                  
«Балалық шақ»
Гүлі де үскен көңілдің,
Күйініштен…
                            («А-ға…»)
Жүріп келем,
Кім білсін, күдік терең.
                              («Жылымық күн»)
 
Ал бір шумақтағы төрт жолдың бірдей ұйқасып келуі тіпті жиі кездесетіндігі сонша, бұл турасында мысал келтіруді жөн көрмедік.
 
Төмендегі жолдарда әсерді күшейту мақсатында:
 
О, Сұлулық! Жаныңызға келгенде,
Қойдан жуас боп қалады тентектер.
 
деп гипербола тәсілі қолданылса, келесі шумақта гипербола өзінің шарықтау шегіне жетеді:
О, Сұлулық! Жаныңызға келгенде,
Тамылжытып ән салады мылқаулар. 
                                                     («Сұлулық»)
 
Ендігі бір еріксіз назар аударатын нәрсе – ақынның бір дыбысқа басталатын сөздерді бір жолда жиі қолданатыны. Әрине, мән-мағынасыз жалаң  ұйқас қуудың қажетсіздігі секілді, бір дыбыспен басталатын сөздер тізбегін текке теріп кетсе мұндай әдістің түк бағасы қалмас еді. Ал айтпақ ой «тілге жеңіл, жүрекке жылы», құлаққа жағымды бір дыбыстармен басталатын сөздермен бергенін оқып отырып, ақынның тапқырлығына, туған тіліміздің байлығын көсіле пайдалана алатынына қол соғудан басқа амал қалмаса керек.
 
Қас дұшпаным қырық жанын қияды,
Қынабынан қылышымды суырмай.
Тыпыршиды тұлпарымның тұяғы,
Жеті жұрттық жер танабын қуырмай.
 
Көкірегімде кетсе кесек кек қайнап,
Ұмай анам ұлықтайды ұлым деп.     
Көк сүңгіде көк бөрілі көк байрақ,                
Жаудың құтын қашырамын жұлып-жеп.
                                                     («Тәңір түсі»)
 
* * *
Сурет пен образды күшейту үшін қолданылған, бір-біріне кереғар ұғымдар арқылы берілетін мына бір тұстарға назар аударып көрелік:
 
Қарақат жырдың жарығы
                                      («Мұқағалиға»)
Өлім дейтін өмірге ен көрінбейтін
                                      («Жан мен тәннің айтысы»)
Дыбысы жоқ сиқырлы саз келеді,
Құлағыма құйылып құбыладан.
                                      («Үнсіздік»)
Аялағаның аямағаның сияқты-ау,                
                                      («Илана бергім…»)
 
* * *
 
Кеше ғана «Қырық деген – інің үшін тіпті елес» деп жазған Нұрқанат ақынның өзі бүгін 50-ге толып отыр…
Уақытты тоқтата алмайтыныз хақ. Бірақ әркімге өлшеніп берілген ғұмырды мағыналы қылудың жалғыз жолы оны тиімді пайдалану шығар. Әрине, тиімділік деген ұғымға бұл жерде түсінік беріп жатудың жөні жоқ, әркім оны өзінше байыптағанымен, көпшілік үшін ол – еліңе, жеріңе, ұлтыңа, қала берді, отбасыңа, жақындарыңа тигізер пайдаң, игілікті ісің ғой. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі күнге дейінгі Нұрқанаттың (журналистік, оқытушылық еңбектерін былай қойғанда) көпшілікке бергені өзіндік айтары, ешкімді қайталамас ой-өрнегі бар өлеңдері екеніне ешкім шүбә келтірмесе керек. Нұрқанатты бір оқыған адам оның басқа өлеңдерін іздеп жүріп оқитынын оқырмандардың оған деген, оның поэзиясына деген шынайы ілтипат пен ыстық ықыласынан көруге болады. Сөйте тұра ақын бүгінгі күнгі шығармашылық еңбегіне сәйкес өз бағасын алмай келеді. Тіпті республикалық биіктерді былай қойғанда облыстық деңгейдегі жастарға берілетін «Шабыт», ересек қаламгерге тиесілі «Қазына» сыйлықтары ақынды айналып өтіп жатады. Шығармалары Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке де әбден ылайық. Жалпы мұны мен айдар, атақ, лауазым, құрмет деген ұғымдарға құштарлықтан айтып отырғаным жоқ. Дегенмен, «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген бар емес пе, егер кімде-кім өзінің табиғи талантымен иеленуге тиіс биіктерге сәйкес кеп жатса, неге ұсынбасқа, неге бермеске? Неге ініміз, әріптесіміз, жолдасымыз, ағамыз үшін мақтаныштан бөркімізді аспанға атпасқа? Сайып келгенде, еңбегіңді елің елеп, жақының жарқылдай құттықтап, қаламдасың қоса қуанып жатса, өз алған бағытыңның дұрыстығына көзің жетіп, бойыңа қосымша күш құйылмай ма? Бергеніңнен береріңе деген құлшыныс оянбай ма кеудеңде?
 
«Сіздің мына идеяңыз ақиқаттың шеңберіне симайды» деген екен кезінде Иммануил Кантқа біреу. «Ақиқат өзінен көрсін» депті ұлы философ теріс айналып…
Ертеңгі ұрпақтан ұялмас үшін ақиқатты адалдық пен адамдықтың ережелеріне сүйеніп жасағанымыз жөн шығар…
Әбутәліп ӘМІР,
Қостанай қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓