Ердің “құны”

Сусағанда сыра ішіп, байқаусызда басқа тілде боқтап қоятыны болмаса, Сәкең өзін «қара тырнағыма дейін қазақпын» деп ойлайтын кісі. Және соны жұртқа жұқалап жарнамалап жүреді. Арғы-бергі тарихта ол білмейтін шешен жоқ. Қасына жолай кетсең, құлағыңның құрышы қанды дей бер. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы…» деп Майқы биден бері «қайқитқанда», көмейден лықсыған соншама мол мақалға қалай қақалып қалмайтынына еріксіз таңғаласың. Бір-екі ғасыр бұрынырақ туса, би қамшысын білегіне ілердей тұрпаты да бар. Нағыз «кебеже қарын, кең құрсақтың» өзі.   ораторКөлігіне мініп көрші ауылға барып келсе, әңгімесінің әлқиссасын: «Балқан, Балқан, Балқантау, ол да біздің барған тау», – деп бастайтынына күмәндана көрмеңіз.  Көлік демекші, Сәкеңнің былтырға дейін қайықтай қара «мерседесі» болған. Өткен күздегі көктайғақта «абайсызда» ағашқа соғып, содан бері күні "Жигулиге" қарап қалды. Оған қыңатын Сәкең бе, «байға тай мінсе де жарасады» деп миығынан күліп, мұртын ширатып отырғаны.
Қысқасы, бұл кісі өзін бүгінгінің Сырымы сезінеді. Тарихтағы Датұлынан бір айырмашылығы, бұны сөзден тосуға ешкімнің батылы бармаған. Пір тұтатын тұлғасының шөлдеп жүріп, қайдағы бір «шөпжелкеден» «жеңіліп» қалғанына іштей наразы. Сол жерде өзі болғанда, әлгі «сумақайды» қақ маңдайдан мақалмен «ұрып», «сылқита саларына» Сәкең тым сенімді-тін. 
Сіздерге түсінікті болсын, еске сала кетейік, баяғыда Сырым батыр шөл далада адасып жүріп бір қараша үйге түссе керек. Таңдайы қаталап келіп, қара көжеден қанғанша ішкен шешен: «О, тоба-ай, бір аяқ көже бір кісінің құны екен-ау. Егер осы сусын болмаса, мен шөлден өлер едім-ау», – депті тамсанып. Сонда әлгі қыз жұлып алғандай: «Бәлі, батыр! Бір аяқ көже екі адамның құны. Бұл сусын болмаса, шөлден сіз, ұяттан біз өлер едік», – деген екен. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген Сырым жарықтық сол жерде айтарға уәж таппай жерге қарапты… Осы әңгімені естіген сайын Сәкең он сегізінші ғасырда тумағанына өкініп кетеді. Бұл заманда өйтіп сөйлейтін қыз қайда? Шетінен шалатілді, шолақ етек, шолтиған шаш, шоштаң-шоштаң еткен  шөпжелкелер…  
Сүйткен Сәкеңнің өткенде аяқ астынан аңқасы кеуіп, үйінен бошалаған інгендей безіп шықты. Шыжынаған ыстықта майы шыжып, қабақтай қарны тырс-тырс, қос өкпесі ырс-ыс еткен ол, қарсы беттегі кафеге борша-борша терлеп әрең жетті. Тілі желім шайнағандай жабысып қалған ол «сыра» деді сыбырлап. Сосын мәзірден «250 теңге» дегенді көзімен меңзеп, бес жүз теңгені столға лақтыра салды. Сұлуша келген аққұба даяшы сұрағанын әп-сәтте даяр етті. 
–    Уф, – деді Сәкең көбігі басылып үлгірмеген сыраны мейірі қанғанша бір сіміріп алды да, алдындағы аруға сынай қарады: – 250 теңге бір ердің құны екен-ау! 
Даяшың да нағыз безбүйректің өзі екен: «Смотря, қандай «ер», – деді беті бүлк етпестен. – Анау сыптығардай қара сантехниктің «құны» 25 мың теңге. Күнің түсе қалса, одан кемге тұяғын қимылдатпайды. Ал, сөзбен басқаға ебі жоқ сіздің бағаңыз айтқаныңыздай болса, болар-ақ!" 
Сәкең жұтқыншағы жұмыс істемей қалғандай, саптыаяқты көтере берген қалпы, «әу» деуге шамасы келмей, мүсіндей мелшиіп қатты да қалды.
 
Абылай Мауданов,
Қостанай қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓