Бас жүлде Батыржанда
Қостанайлық 16 жастағы пианист Батыржан Танкеев республикалық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
Биыл беделді байқау 54-ші рет өтіп, өнерпаздар онлайн форматта бақ сынасты. Айта кететіні, дәстүрлі сынға пианистер үш жылда бір рет қатысады. Осы жолғы Гран-При жерлесімізге бұйырды. Мұндай орасан зор олжа облыс қоржынына сирек түспейтінін мойындау керек.
"Пианистер өнерін нағыз кәсіби музыканттар бағалады. Біз өзіміз таңдаған бағдарлама бойынша Бах, Бетховен және Рахманиновтің шығармаларын орындадық. Байқау деңгейі өте жоғары. Өйткені оған республиканың барлық музыкалық мектептері қатысады. Ал одан бас жүлде алу – облыс тарихында алғаш рет болып отырған оқиға", – дейді фортепиано сыныбының тәлімгері Вера Варюхина.
Батыржанның мұндай табысқа жетуі кездейсоқтық емес. Ол табанды еңбектің, қабілетін үнемі шыңдаудың арқасында топ жарып отыр. Бұған дейін аймақтық байқаулардың талайын бағындырған.
"Көп уақыт пен күш жұмсалды. Оны дәл қазір бір сөзге сыйғызып айту қиын. Себебі бір туындыны кемеліне жеткізу үшін жылдан артық уақыт тер төгемін. Сондықтан бұл тыңғылықты жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз", – дейді Батыржанның өзі.
Ол музыкадәстүрді сабақтап келе жатқан көп балалы Танкеевтер отбасының үлкен ұлдарының бірі. Батыржанның ендігі мақсаты – басқа аспаптарда ойнауды меңгеру. Мәселен, ол виолончель үйренгісі келеді. Бұл аспапта әпкесі Айзере шебер ойнайтындықтан, оны үйренуге әуес екен. "Махаббат болмай, талап жоқ" демекші, қызығушылық бар жерде ішекті аспаптың тілін меңгеру де Батыржанға соншалық қиын болмайтын тәрізді.
Қазір жас пианист Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық өнер университетіне түсуге дайындалып жүр. Қабылдау емтиханынан сүрінбей өту үшін оқытушысымен бірге классикалық туындылар бағдарламасын осы бастан даярлап жатыр. Бұл Батыржан үшін маңызды қадам. Өйткені ол соңынан ерген інілері мен қарындастарына осылай үлгі болғысы келеді, сондай-ақ туыс-туғандары мен ұстаздарының үмітін ақтайтынына сенімді.
Суреттер интернеттен алынды