Мешіт болып қалу керек 

Қазіргі таңда көпшіліктің көз қарашығындай болған Алла үйі, облысымыздың ең көне тарихи ескерткіштерінің бірі – Марал Ишан мешітінің бұдан кейінгі тағдыры жұртшылықты алаңдата бастады. Қостанайдағы «Наурыз» шағын ауданында былтыр күзде жаңадан ғибадат ордасы халықтың игілігіне берілген сәттен бастап, Марал баба мешіті құрылыс жұмыстарына байланысты уақытша жабылған болатын. Енді осы орталықтағы Алла үйі музей болады екен деген әңгіме әр жерден айтылып жүр. Оның бір дәлелі – аймақтық «Костанайские новости» газетінің 2017 жылғы 2 ақпанда шыққан №13 санында Берік Әлімбаев есімді Қостанай тұрғыны шағын ғана жазылған «Мечеть превратится в музей?» деген мәселе көтеріпті. Онда «Облыстық өлкетану мұражайы Марал Ишан мешітіне көшеді деген рас па?» деген. Автор музей экспонаттарын ғибадат үйіне көшіру мүмкін емес, себебі, ол жер құнды жәдігерлерді сақтауға келмейді, ауасы дымқыл дегенді келтірген екен.мешіт ашылу
Осы сауалға орай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов Марал Ишан мешітінің тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алынған нысан әрі ҚМДБ қарамағында екенін жеткізе келе, өңір басшылығы тарапынан Діни басқармаға бірнеше ұсыныс жасалғанын баяндапты: «Бір ұсыныс – мешітке музей экспонаттарын орналастыру болып отыр. Бірақ әзірге ешқандай келіссөз жүргізілген емес, біз ғимаратты қараған жоқпыз, сол себепті, бұл жайында әңгіме қозғау ертерек».
Міне, осындай екіұшты сөздер көпшіліктің алаңдауына түрткі болса керек, бұл өзекті мәселені көтеріп, өңіріміздің бірқатар ел ағалары «бұл қалай болдылап»  редакциямызға келді. Бұл азаматтар – кезінде осы мешіттің ашылуына, кейін Марал баба Құрманұлының есімінің берілуіне атсалысқан жандар.
– Марал Ишан мешіті 1991 жылы қайта ашылғанға дейін не көрмеді? Жетпіс жыл бойы клуб болды, кинотеатр болды, филармония жайғасты. Тәуелсіздігімізбен бірге оралған рухани маржанымыз айдың-күннің аманында музейге айналады деген не сұмдық! Қазір қаншама жас-кәрі орталықта орналасқан осы мешітке күнделікті болсын, әсіресе, ораза айларында, жұма күндері келіп құлшылықтарын өтеп жүр. Байқаймыз, олардың басым бөлігі жастар. Құлшылық үйін көрме залына айналдыру деген – кейінгі буынның рухани санасына балта шабылды деген сөз. Бұған бей-жай қарауға болмайды!
Марал Ишан мешітінің бас имамы Бахытбек Тәжімбет те ел ақсақалдарымен жолыққанын, ол кісілердің мәселені орынды көтеріп отырғанын жеткізді. Әрі мешіт сол құлшылық үйі болып қалады, халық игілігіндегі ғибадат орны құрылыс жұмыстарының мәселесі шешілгеннен кейін бұрынғыдай мұсылман қауым үшін қызмет ете береді деді.
Мына бір тарихи суретке қарап отырсаңыз, исі мұсылман жұрты үшін ақ түйенің қарны жарылған сәт. Бұл, жоғарыда айтылғандай, 1991 жылы қызыл империяның шеңгелінен босаған азат қазақтың қуанышы – Қостанай орталығында мешіттің қайта ашылу салтанаты. Сол заманда өңірімізді басқарған Кенжебек Укин сөз сөйлеп тұр. Қасында Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы.
Міне, біз де жұртшылықтың сол бір қуанышының арада ширек ғасыр өтпей жатып, сергелдеңге түскенін қаламаймыз. Мешіт бұрынғыдай мешіт болып қалған дұрыс.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓