Ардагерлер жылқы зауытында болды
«Ата» қоғамдық қорының төрағасы Марат Қабдылсалықұлы облыстағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қайырымдылық жасап келеді. Ол үнемі қариялардың басын қосып, табиғат аясында демалдырып, сондай-ақ, оларды кезекпен еліміздің әр өңіріндегі сәулетті, көркем шаһарларды аралатуға да көп көңіл бөледі.
Сол дәстүр жалғасын тауып, жаны жомарт азамат кешегі майдангерлер және тыл ардагерлерін облыс орталығында ірі өндіріс орыны «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы мен Заречный ауылындағы «Қазақ тұлпары» асыл тұқымды жылқы зауытына алып барды. Нағыз азаматтың игілікті ісіне ардагерлер де шексіз алғыстарын білдірді.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңдерде де ауыл шаруашылығы және өндірістік саланы қайта жаңғыртуда өз үлестерін қосқан қариялардың еңбегі қашан да ерен. 1888 жылы негізі қаланған аталмыш мекемені аяққа тұрғызуда қаншама қазақ жастары да тер төкті. Ардагерлердің арасында малшаруашылығымен шұғылданып, зейнетке шыққан қарттар да баршылық. Олар «Қазақ тұлпарының» бүгінгі зор жетістіктерін мекеме директоры Нәбидолла Кикебаевтің өз аузынан естіп, дән риза екендіктерін де жасырмады.
Ардагерлерге арнап қостанайлық «Қазақтың қазан аты» тұқымдас сәйгүліктердің көрмесі ұйымдастырлып, жан-жақты ақпараттар берілді.
Мұнан кейін ардагерлер дастарқан басында бас қосты. Бәрі де осындай игілікті шараға мұрындық болып жатқан «Ата» қорының басшысы Марат Қабдылсалықовқа, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының басшылығына шынайы алғыстарын жаудырды.
– Біз сияқты қарияларға осындай шаралардың өзі үлкен қуаныш сыйлайды. Бұл жерде қаншама адам еңбек етіп жатыр, осының өзі көңіліңді марқайтады – деп ағынан жарылды аға буын өкілдері.
«Ата» қоры ұйымдастырған мұндай игілікті шаралар жыл соңына дейін жалғасын таппақ. «Қазақ тұлпарының» бүгінгі тыныс-тіршілігімен толық хабардар болған ардагерлер де бір жасап қалды. Олар «Ата» қорының атқарып жатқан жұмыстары жөнінде ой бөлісіп, қор басшысының адамгершілігін, жомарттығын, оның қарттар үшін жасап жатқан жақсылығын айтты.
Мешіт Ғазиз
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков