КӨРШІЛЕРМЕН ҚАТЫНАС ШЕКТЕЛМЕК
Облыс әкімдігінде Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Кеңес барысында Қостанай, Лисаков, Арқалық, Рудный қалалары және Қостанай, Қарабалық, Жітіқара аудандары әкімдерінің есебі тыңдалды. Билік өкілдері өз аумақтарындағы "тәжтажалды" тойтаруға бағытталған іс-шаралар мен карантин режимін сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы туралы баяндады.
Жалпы, елімізде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны қайтадан көбейіп барады. Ресми мәліметтерге жүгінер болсақ, (10 қараша күнгі мәлімет) республика бойынша бір тәулікте 564 адам осы дертті жұқтырған. Індет басталғалы сырқаттанғандар саны 117 336-ға жетті. Қостанай облысында 3988 адам ауырып, оның 3227-сі айығып шыққан. 24 адам көз жұмды.
Осы және өзге де мәселелерге тоқталған облыс әкімі штаб мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, 12 қарашадан бастап облыстың периметрі бойынша көршілес облыстардың шекарасына санитарлық бекеттер орнату туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, мониторингтік топтардың жұмысын барынша күшейтуді тапсырды.
Жиын соңында аймақ басшысы халық және кәсіпкерлік субъектілері арасында әлеуметтік желілер арқылы белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.