«Жомарт жүрек»
«Жомарт Жүрек» сыйлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен ұйымдастырылған бірегей жоба. Сыйлықтың негізгі мақсаты қайырымдылық қызмет идеяларын, меценаттықты және еріктілер қызметін насихаттау, бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, ҮЕҰ мен волонтерлерді кіші отанын дамытуға қатысуға ынталандыру болып табылады.
Сыйлық «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерен еріктілік», «Үздік ұйым» аталымдары бойынша табыс етілді.
Қамысты ауылында жас мамандар үшін 4 пәтер салып, Алтынсарин ауылына су құбырын тартып, ауданды абаттандыруға көлемді материалдық көмек көрсеткені үшін, туған өлкесінде ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген «Алтынсарино» ЖШС директоры Князев Борис Павлович «Жыл меценаты» номинациясы бойынша марапатталды.
«Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «Олжа Агро» ЖШС марапатталды. Ұйым жыл сайын соғыс және еңбек ардагерлеріне, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына материалдық көмек көрсетеді, «Мектепке жол» акциясына қатысып, ауылдарды абаттандыру мәселелерімен айналысады, көп балалы отбасылар мен жетімдерге тұрғын үй сатып алды. Пандемия кезінде облыстың медицина ұйымдарына оттегі концентраттары мен 50 оттегі баллонын сатып алды.
⠀ Туған өлкесінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге өтеусіз көмек көрсеткені және Ұзынкөл ауданында жас мамандар үшін бірнеше пәтер сатып алғаны үшін «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша «Тойсай» ЖШС директорының орынбасары Садықов Ахмет Ұзақбайұлы марапатталды.
«Туған өлке» номинациясын демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін «Өтей-Телеком» компаниясының директоры Серік Қазымбекұлы Қанапин иеленді. Екі жыл бойы меценат Амангелді ауданын абаттандырумен айналысты. Екі шағын футбол алаңының құрылысына демеушілік жасады.
Еріктілік қызметке белсенді қатысқаны үшін 17 жастағы Жансейіт Жұматұлы Құрманғалиев «Ерен еріктілік» номинациясының жеңімпазы атанды. Жеткіншек гемофилия диагнозымен ауыратындығына қарамастан, карантин уақытында, көмекшілерге қажеттілік туындаған кезде "Грин" ҚҚ еріктілері қатарына жазылып, басқа еріктілермен бірге дәрі-дәрмек, азық-түлік пакеттерін тасымалдаған еді.