Мықтылар таңдайтын мамандық
Адам өмірін құтқаруда өз жанын қатерге тігіп қызмет етіп жүрген Төтенше жағдай қызметкерлері барлық мақтау-мадаққа лайықты. Елімізде жыл сайын құтқарушылар күні 19 қазанда атап өтіледі. Бұл күн ресми түрде 1995 жылы ҚР Президентінің жарлығымен бекітілген болатын.
Азаматтық қорғау лейтенанты Маулен Бегжанов Қостанай қаласы №5 өрт сөндіру бөлімі қарауыл бастығы лауазымында қызмет атқарып келеді. Қызмет барысында өзінің біліктілігі жоғары қызметкер, кәсіби дайындық деңгейі жоғары тәжірибелі маман екенін көрсетіп жүр. Бірнеше рет арнайы тактикалық жаттығуларды жүргізіп, ірі өрттерді сөндіруде жетекшілік жасап келеді. Өрт сөндіру қызметі карантин кезінде де жұмысы тыйылмайтын қызмет санатына жататыны белгілі. Карантинге қарамастан, жұмысымыз тынымсыз жалғасын тауып жатқанын айтады кейіпкеріміз.
–Құтқарушы болсам деген бала күнгі арманым орындалып, 2015 жылы елміздегі азаматтық қорғаныс саласының мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны –Көкшетау техникалық институтына түстім. Оқуымды ойдағыдай тәмамдап, азаматтық қорғау лейтенанты болдым. Бүгінде Қостанай қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы лауазымында қызмет атқарып жүрмін. Құтқарушылар әрдайым жауынгерлік дайындықта тұрады және шақырту кезінде жедел жетуі қажет. Халыққа адал қызмет етіп, адам өмірін құтқаруды өзімнің басты міндетім санаймын. Қызметте өзіме үлгі тұтатын азаматтар да жетерлік, – дейді Маулен Сағындықұлы.
Сала мамандарының өз істерін абыроймен атқаруы құтқарылған адам өмірімен өлшенетіні белгілі. Барлық құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, қызметтеріне табыс тілейміз.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ