Елдік мұрат – ұлы аманат

IMG_5261
Бүгінде Қазақ пен Абай біртұтас ұғымға айналды десек артық айтқанымыз емес. Өйткені, Абай – біздің мәдениетіміз, таным-түсінігіміз, болмысымыз.
Ұлы тұлғаның қара сөздері ұлттық педагогикамызға қосылған асыл қазына екені даусыз. Өлеңдері ілім-білімге жетелеп, адамгершілікке, еңбекті сүюге, өнер үйренуге баулиды. Оның тағылымды шығармаларынан бала да, қарт та, қара да, хан да үлгі алады. Елбасы Н.Назарбаев жариялаған «Абай аманаты» мақаласы соның бір айқын мысалы болса керек.
Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін өз еркімен тоқтатпас бұрын тұңғыш президент көп жайтты ой тезіне, көңіл безбеніне салғанын айтады. «Елдің сиқын бұзған өңкей қиқымға» деген ақын күйінішін қайталамау қажет. Сондықтан, Елбасы барынша дұрыс шешім қабылдаудың қаншалықты маңызды болғанын жазады.
«Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін есепке алмағанда, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, шығыстың да, батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескердім. Сондай-ақ, өзім айрықша мән беріп келе жатқан ел бірлігі мәселесі мен адамзаттық құндылықтарды үйлестіру қабілетіне сенім арттым», – дей келе, Абай аманатының негізгі бір өзегі ел тұтастығын сақтауға қатысты екенін нақтылай түседі.
Біз білім саласында, тұлға қалыптастыру бағытында жұмыс істегендіктен, көбіне ұлы ойшылдың адами қасиеттерге шақырған өлең-сөздеріне мән береміз. Ал ел басқарған азамат Абай шығармаларынан нені ұстын етуі қажет? Әрине, ұлттық мүддені, елдік мұратты. Бұл – үлкен қажырды талап ететін, қайраткерлерге тән ұстаным. Аталған мақаладан Елбасының сол ұстанымға жан-тәнімен адал қарағанын аңғару қиын емес.
Расында, Тәуелсіздік бізге көп жауапкершілік жүктейді. Бабалар аңсаған азаттықты, осынау біртұтастығымызды келер ұрпаққа аманаттау – қасиетті парызымыз. Бұл турасында мақалада былай делінген: «Ел бірлігі ұранын бағзы замандардан бері талай сұңғыла бабаларымыз қайта-қайта көтеріп отырған. Сонау ХVІІІ ғасырдың өзінде Бұқар жырау:
…Егер Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын.
Көшің кетер бір жаққа,
Малың кетер бір жаққа.
Көш соңынан жете алмай,
Есің шығар сол шақта, – деп бірлікке шақырса, Абай «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп, ХІХ ғасырда-ақ бірлік арқылы күллі адамзаттың көшіне ілесе білуге шақырды. Бұл – кемеңгер тұлғаның көрегендігінің белгісі еді. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында мен әрбір сөйлеген сөзімде ел бірлігі, ұлт татулығы мәселесін ұдайы еске салып отыратыным сондықтан».
Абай айтқандай, бес нәрседен қашық, бес асыл іске асық болуымыз керек. Ол да елдікке қосылған үлес дер едім. Сапалы адам – мықты мемлекет негізі. Мұны да әр отандасымыз есте ұстаса игі. Әрқайсымыз сапалы, қоғамға пайдалы болсақ, Абай аманатына адалдығымыз сол болмақ.
Тілеген АХМЕТОВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
аймақтық университетінің профессоры

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓